Қазақстанда 2026 жылдың II тоқсанында жұмыссыздық деңгейі Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша 4,5%-ды құрады. Жұмыс күшінің саны 9,84 млн адамға жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, экономиканың түрлі салаларында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 7,25 млн адам жалдамалы қызметкерлер болды, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 77,2%-ын құрайды. Ал 2,15 млн адам немесе 22,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында.
15 жастан асқан халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі 64,3%-ды құрады.
2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 99,5 мың адамға артты. Бұл негізінен жалдамалы қызметкерлер санының көбеюі есебінен болды.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда саласына – 16,8%, білім беру саласына – 13,3%, өнеркәсіпке – 12,4% және ауыл шаруашылығына – 10,5% тиесілі.
15-34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,9%-ды құрады. Ал NEET санатындағы, яғни жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастардың үлесі 5,7% болды.
2026 жылғы маусым айының соңындағы жағдай бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 333,1 мың жұмыссыз тіркелген. Олардың үлесі жұмыс күшінің 3,4%-ын құрады.
Айта кетейік, Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес, жұмыссыздар – табысты жұмысы жоқ, белсенді түрде жұмыс іздеген және жұмысқа кірісуге дайын адамдар.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жастардың жас шегі 35 жасқа дейін ұлғайтылды.