Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылық алаңының отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талқылау барысында қоғамның көңіл-күйі мен қазіргі сайлау науқанының негізгі үрдістері, азаматтардың сайлауға қатысуға дайындығы, партия таңдауға ықпал ететін факторлар, өңірлік ерекшеліктер, теледебаттар, саяси коммуникациялар және үгіт-насихат барысында жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар қатысушылар партиялар мен кандидаттарға деген сенімнің рөліне, сондай-ақ азаматтардың электоралдық таңдауын айқындайтын негізгі факторларға ерекше назар аударды.
Сарапшылық алаңның ерекшелігі – талқылауға Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылардың онлайн-конференция форматында қатысуы болды. Бұл жалпыұлттық ахуалды өңірлердегі нақты жағдайға қатысты бағалаулармен толықтыруға және еліміздің әр бөлігіндегі сайлау науқанының сипаты мен қоғамдық көңіл-күйдегі айырмашылықтарды талқылауға мүмкіндік берді. Өңірлерден қатысқан сарапшылар пікірталасқа белсенді араласып, спикерлерге сұрақтар қойып, өз өңірлеріне тән сайлау науқанының өзекті мәселелері мен ерекшеліктерін ортаға салды.
Іс-шара барысында интерактивті QR-сауалнама да жүргізіліп, оған іс-шарадағы сарапшылар мен қонақтар, сондай-ақ өңірлерден қосылған қатысушылар қатысты. Сауалнамада қатысушылардан қазіргі сайлау науқаны мен партиялық үгіт-насихаттың сипатын бағалау, өз өңірлеріндегі науқанның ең айқын ерекшеліктерін атап көрсету және азаматтардың электоралдық таңдауына барынша ықпал ететін факторларды анықтау сұралды. Сауалнама нәтижелері өңделіп, іс-шара соңында сарапшылық алаң қатысушыларына ұсынылды. Бұл кәсіби қоғамдастықтың бағалауларын сарапшылардың баяндамалары мен пікірталас барысында айтылған тұжырымдармен салыстыруға мүмкіндік берді.
Сарапшылық алаңға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Сарапшылар алаңды модератор ретінде саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай жүргізді.
Сарапшылар алаңның мазмұнды бөлімін аша отырып, Бақытжан Бұқарбай қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқына және қазіргі сайлау науқанындағы теледебаттардың рөліне қатысты сараптамалық шолу ұсынды.
Сарапшының айтуынша, 2026 жылғы 13 маусым мен 27 шілде аралығында түрлі зерттеу ұйымдары алты әлеуметтанулық зерттеу жүргізген. Олардың барлығы азаматтардың сайлауға қатысуға дайындығы тұрақты түрде жоғары екенін көрсетеді: респонденттердің 70,3–75,6 пайызы дауыс беруге қатысуға ниетті екенін мәлімдеген. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 89,4 пайызы 23 тамызда өтетін алдағы сайлау туралы қандай да бір деңгейде хабардар.
«Біз айтарлықтай тұрақты көріністі байқап: он сайлаушының жетеуі дауыс беруге дайын екенін мәлімдеген. Бұл ретте қазақстандықтардың оннан тоғызына жуығы алдағы сайлау туралы қандай да бір деңгейде хабардар. Бұл азаматтардың қазіргі сайлау науқанына жеткілікті жоғары деңгейде тартылғанын көрсетеді», – деді Бақытжан Бұқарбай.
Б. Бұқарбайдың пікірінше, азаматтарды ақпараттандыруда және саяси күштер туралы қоғамдық түсінік қалыптастыруда теледебаттардың рөлі айрықша. Ол ұсынған екі телебағдарламаның салыстырмалы деректері әртүрлі телеарналардың саяси пікірталасқа халықтың сан алуан топтарын тарта алатынын көрсетті.
Qazaqstan телеарнасындағы теледебаттарды 560 мың адам, ал «7 арнадағы» дебаттарды 1,45 млн адам көрген. Бұл ретте Qazaqstan телеарнасы негізінен 24 жасқа дейінгі жастарды, ал «7 арна» 55 жастан асқан көрермендерді көбірек қамтыған. Дебаттарға цифрлық ортада да қызығушылық жоғары болды: әлеуметтік желілерде 10 мыңнан астам мазмұнды жазба тіркеліп, YouTube пен TikTok платформаларында он мыңдаған пікір мен реакция байқалды.
Бақытжан Бұқарбайдың пікірінше, саяси ұстанымдардың ашық бәсекесі мазмұнды бағдарламалар, идеялар мен дәлелдерге негізделген жария саясат мәдениетінің дамуына ықпал етеді. Теледебаттар сонымен қатар қоғамға сындарлы саяси диалогтың үлгісін көрсетіп, азаматтардың сайлау таңдауына жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді.
«Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры, саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев та сайлау науқанындағы теледебаттардың рөліне талдау жасады. Оның пікірінше, дебаттар партияларды тек ұрандары мен қоғамдық имиджіне қарап бағалауға емес, олардың дәлел келтіру сапасын, құзыреттілігін, сынға жауап бере білу қабілетін және ашық саяси пікірталас жүргізу мүмкіндігін бағалауға жағдай жасайды.
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова да электоралдық көңіл-күй динамикасына назар аударды. Ұсынылған деректерге сәйкес, сайлау жақындаған сайын нақты шешім қабылдамаған сайлаушылардың үлесі айтарлықтай төмендеген: алғашқы зерттеудегі 22,6 пайыздан соңғы зерттеуде 5,3 пайызға дейін азайған. Сарапшының пікірінше, бұл ақпараттық және үгіт-насихат науқанының белсенді жүргізілуі аясында сайлаушылардың саяси таңдауларының біртіндеп қалыптасып, электоралдық басымдықтардың шоғырлана түскенін көрсетуі мүмкін.
«Әрбір дауыс маңызды. Сайлауға қатысу – азаматтың конституциялық құқығын жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Сайлау учаскесіне келіп, азаматтар өз мүдделерін кімнің білдіретінін айқындайды және осылайша мемлекетті нығайтуға, оның одан әрі дамуына өз үлесін қосады», – деп атап өтті А. Сәдуақасова.
Қоғам қайраткері Ерлан Смайлов жасанды интеллектінің сайлау науқанына ықпалына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ЖИ мәтіндер мен сөз сөйлеу мәтіндерін әзірлеуде, сондай-ақ бейне, аудио және визуалды контент жасауда белсенді қолданылып келеді. Бұл үгіт-насихат материалдарын дайындауға кететін уақыт пен шығынды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде жасанды интеллект жай ғана технологиялық жаңалық емес – ол мемлекеттік күн тәртібінің, қоғамдық пікірталастың және саяси бәсекенің бір бөлігіне айналып келеді. Сонымен қатар жаңа мүмкіндіктермен бірге дезинформация, дипфейктер және саяси контентке деген сенімге қатысты жаңа сын-қатерлер де пайда болуда», – деп атап өтті Е. Смайлов.
Сарапшының пікірінше, генеративті ЖИ-дің дамуы сайлау үдерісі алдында сенім, жасалатын контент үшін жауапкершілік және қоғамның жаңа ақпараттық ортаға дайындығы мәселелерін алға шығарады. Мұндай жағдайда ЖИ сауаттылығы мен сыни ойлауды дамыту тек білім беру саласының ғана емес, қоғамдық-саяси маңызы бар міндетке айналып отыр.
«Мир Евразии» ақпараттық-талдау журналының президенті әрі бас редакторы Эдуард Полетаев партияның жекелеген ұсыныстарының халық арасында танымал болуы өздігінен оған электоралдық қолдауға кепілдік бермейтінін атап өтті. Оның пікірінше, партия бағдарламасы мен сайлаушының түпкілікті таңдауының арасында сенім, кандидаттардың беделі және саяси команданың мәлімделген бастамаларды жүзеге асыра алатынына деген пікір сияқты маңызды факторлар бар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен электоралдық мінез-құлықтың өңірлік ерекшеліктеріне назар аударды. Оның айтуынша, сайлаушы үшін партия тек орталық басшылығымен ғана таныла қоймайды. Өңірлерде нақты кандидаттар, депутаттар мен партия филиалдарының басшылары маңызды рөл атқарады. Олардың беделі мен қызметі тұтастай алғанда саяси күшке деген қоғамдық көзқарасқа тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар сарапшы өңірлік электоратты біртекті аудитория ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Тіпті бір облыстың өзінде облыс орталығы мен шалғай аудандар тұрғындарының, жастар мен аға буын өкілдерінің, кәсіпкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың сұраныстары едәуір ерекшеленуі мүмкін.
«Өңір – біртұтас сайлаушылар тобы емес. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Ал партияның табысы жергілікті команданың осы топтардың әрқайсысымен түсінікті тілде сөйлесе білуіне байланысты», – деді Ж. Төлен.
Негізгі спикерлерден бөлек, талқылауға сарапшы-дискутанттар да қатысып, баяндамаларды толықтырды, балама бағалауларын ұсынды және сайлау науқанында қосымша назар аударуды қажет ететін факторларды атап өтті.
Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар қазіргі сайлау науқанының электоралдық белсенділіктің жоғары әлеуетін, сонымен қатар саяси коммуникация формаларының өзгеріп келе жатқанын көрсететініне толталды. Теледебаттар мен цифрлық платформалар халықтың әртүрлі топтарын сайлау үдерісіне тарту мүмкіндігін кеңейтсе, сайлаушылардың таңдауына партия бастамаларының мазмұны мен кандидаттарға деген сенімнен бастап, жергілікті командалардың жұмыс сапасы және партиялардың сайлаушылармен тұрақты диалог орната білуіне дейінгі факторлардың тұтас жиынтығы барған сайын көбірек ықпал етуде.