Шымкент тұрғыны бұрынғы әйелінің бетіне қышқыл шашып жіберген

Бүгін, 12:51 / Алуа Арман
Фото: t.me/kriminal_kazakhstan

Шымкентте ер адам бұрынғы әйелінің үстіне қышқыл құйып жіберді. Әйел ауыр күйік жарақаттарымен ауруханада жатыр, ал күдікті Алматы қаласында ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерлі-зайыптылар шамамен бес жыл бұрын ажырасқан, олардың ортақ бір баласы бар. Әйел сұлулық салонында жұмыс істейді.

Оқиға болған күні ер адам оған басқа телефон нөмірінен хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған және әйелден кешкі уақытта қабылдауын сұраған. Кездесуге ол ішінде қышқылы бар ыдыспен келіп, сұйықтықты әйелдің үстіне төгіп жіберген.

Зардап шегуші әйелдің басы, беті, мойны, кеудесі, қолдары, арқасы және иықтары күйген. Қазіргі уақытта ол ауруханада ем алып жатыр.

«Биылғы жылдың 2 тамызында дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Анықталғандай, бұрынғы күйеуі алдау арқылы әйелмен кездесуге келісіп, оның үстіне сұйықтық құйғаннан кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні сол күні анықтап, Алматы қаласында ұстады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына алынды. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады департамент өкілдері.

Алдын ала болжам бойынша, жанжалға несиеге және алимент төлемдеріне қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін.

Тэгтер:

Шымкент Әйел Ажырасу неке ер қышқыл