«Әділет» партиясының өкілдері сайлауалды науқан аясында Астана, СҚО және Атырау облысы тұрғындарымен кездесіп, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер және ауыл-аймақтарды дамыту мәселелерін талқылады. Кездесулер барысында азаматтардың күнделікті өміріне қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалып, партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттар таныстырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ана мен бала денсаулығы – қоғамның баға жетпес байлығы
Астана қалалық сайлауалды штабының өкілдері University Medical Center корпоративтік қорының Ана мен бала орталығының ұжымымен кездесу өткізді. Басқосуда денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағыттары талқыланды.
Жиынға «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Жұлдыз Данбаева, партияның Астана қалалық филиалы хатшысының орынбасары Мария Мұхтарқызы, кандидаттың сенімді өкілі Нәжен Сәрсембеков, сондай-ақ University Medical Center корпоративтік қорының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Юрий Пя қатысты.
Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласына қатысты негізгі бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу мен ерте диагностиканы дамыту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, заманауи емдеу және оңалту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне назар аударылды.
Профессор Юрий Пя медицинаның дамуы білікті маман даярлау мен сапалы білімге тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Сапалы медицинаның негізі - мықты білім мен білікті маман даярлау. Қазақстандағы медицина мектептерін қолдап, жас дәрігерлердің кәсіби өсуіне, ғылымның дамуына және тәжірибе алмасуына жағдай жасау маңызды. Медициналық білім беру жүйесі неғұрлым мықты болса, халыққа көрсетілетін көмектің сапасы да соғұрлым жоғары болады. Сондықтан білім мен кадр даярлауға салынған инвестиция - ең алдымен адам денсаулығына салынған инвестиция», - деді Юрий Пя.
«Есіктен есікке»: Тұрғындар ұсынысы ескеріледі
Аулаларды абаттандыру, жолдардың жағдайы, медициналық көмектің қолжетімділігі, отбасыларды қолдау және қалалық қызметтердің жұмысы – Петропавл тұрғындары «Әділет» партиясының кандидаттарына «Есіктен есікке» акциясы мен мобильді үгіт топтарының жұмысы барысында осы мәселелер туралы жиі айтты.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ольга Перепечина, Ульяна Әшімова, Елена Семидоцких және Айымгүл Әбилева бір күн бойы қала тұрғындарымен аулаларда, Қазақстан Конституциясы даңғылында және сайлаушылардың аманаттарын қабылдау пунктінде кездесті. Біреулер мобильді топтың жанына бірнеше минутқа тоқтап, сұрағын қойса, енді біреулер өз үйі немесе ауданының мәселелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ал үгіт шатырында тұрғындар сайлауалды бағдарламамен танысып, өз өтініштерін қалдыра алды.
Сұрақтардың басым бөлігі отбасыларды қолдауға қатысты болды. Тұрғындар ата-аналарға көрсетілетін қолдау, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және отбасылардың тұрмыстық әрі қаржылық қиындықтармен жалғыз қалмауына жағдай жасау туралы сұрады. Осы ретте кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасында бекітілген әлеуметтік ынтымақтастық және атаулы қолдау қағидаттары туралы айтып берді. Бағдарламадағы бұл тәсіл әлеуметтік саясатты тек төлемдермен шектемей, адамның мүмкіндіктерін кеңейтуге және лайықты өмір сүру деңгейін сақтауға бағыттауды көздейді. Қала тұрғындары медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді де көтерді.
Бір ғана шарамен шешу мүмкін емес мәселелер де айтылды. Олардың қатарында коммуналдық қызметтердің жұмысы, сондай-ақ нақты үйлер мен көшелерге қатысты өтініштер бар. Мұндай жағдайда кандидаттар бірден шешім шығаруға уәде бермей, өтініштерді тіркеп, олардың қайсысы жүйелі жұмысты қажет ететінін түсіндірді. Бұл тәсіл партия ұстанған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес келеді. Яғни азаматтардың пікірі формалды рәсім болып қалмай, шешім қабылдау үдерісінің бір бөлігіне айналуы тиіс.
«Біз аулаларды аралап немесе көшеде адамдармен сөйлескенде, олар мемлекет дамуы туралы абстрактілі түрде айтпайды. Олар: ауламызға балалар алаңы керек, мына жерде жол нашар, дәрігерге қаралу қиын, үйдің жанында жарық жеткіліксіз дейді. Осындай нақты мәселелердің жиынтығынан ортақ күн тәртібі қалыптасады. Сондықтан біз үшін бағдарламаны жай ғана таныстырып қоймай, оның ережелері адамдардың күнделікті өмірімен қалай байланысты екенін көрсету маңызды», – деді кандидат Елена Семидоцких.
Сонымен қатар тұрғындардың тек сұрақ қойып қана қоймай, партия бағдарламасымен өз бетінше танысуына да мүмкіндік болды. Қазақстан Конституциясы даңғылындағы қабылдау пунктінде кандидаттар мен штаб өкілдері күн сайын азаматтарға кеңес беріп, ұсыныстарын қабылдап, «Әділет» бағдарламасының жекелеген бағыттарын түсіндіреді.
«Біз күн сайын адамдар көп жүретін жерде жұмыс істеуді әдейі таңдадық. Әр адам арнайы кездесуге немесе қоғамдық қабылдауға бара бермейді. Бірақ көшеде шатырды көріп, сұрағы болса, кез келген адам тоқтап, сөйлесе алады. Біз үшін бағдарламаның қағаз жүзінде ғана емес, тұрғындармен тікелей әңгіме барысында да қолжетімді болғаны маңызды», – деді кандидат Ульяна Әшімова.
«Өз үйінің маңында не болып жатқанын тұрғындардың өздері жақсы біледі. Сондықтан мұндай өтініштерді мұқият тіркейміз. Егер мәселе нақты бір көше немесе аулаға қатысты болса, оны бір бағытта қарастыру қажет. Ал проблема бүкіл қалалық жүйеге қатысты болса, оған кеңірек қарау керек. Осы мәселелердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмау маңызды», – деп қосты кандидат Айымгүл Әбилева.
Азаматтармен адресаттық жұмыс күн сайын жүргізіледі, ал тұрғындардың ұсыныстары кейінгі пысықтау үшін тіркеледі. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай формат қала тұрғындарының күнделікті сұраныстарын сайлауалды бағдарламаның бағыттарымен салыстырып, қай мәселелерге бірінші кезекте назар аудару қажеттігін анықтауға мүмкіндік береді.
Елдің дамуы ауылдан бастау алады
Атырау облыстық сайлауалды штаб мүшелері шалғай елдімекендерді аралау барысында Исатай ауданындағы Айбас ауылына барды.
Сапардың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарымен тікелей жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстыру. Кездесуде ауыл тұрғындарына партияның экономикалық және әлеуметтік бағыттағы басымдықтары түсіндіріліп, елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
– Айбас – аудан орталығынан шалғай орналасқанымен, ел өмірінен шет қалған ауыл емес. Мұнда да еңбек етіп, бала тәрбиелеп, ауылдың болашағына алаңдап отырған тұрғындар бар. Бүгін біз Айбасқа дайын жауаппен емес, халықтың өзінен мәселенің мәнін білу үшін келдік. Тұрғындар ауылдың тыныс-тіршілігін, шешімін күткен мәселелерін ашық айтты. Мұндай ұсыныстар – жай ғана пікір емес, алдағы жұмыстың нақты бағытын айқындайтын маңызды дүние. Шалғайдағы әр ауылдың дауысы естілуі керек, өйткені елдің дамуы орталықтан ғана емес, осындай ауылдардан басталады, – деді Мұса Хайруллиев.
Айта кету керек, Айбас ауылы орналасқан ауданның тарихы терең. Аудан 1928 жылы құрылған. 1990 жылы Құрманғазы және Махамбет аудандарының жер телімдерін қосу негізінде қайта құрылды. Бүгінде ауданның жалпы аумағы – 14,7 мың шаршы шақырым. Аудан орталығы – Аққыстау ауылы.
Ауыл-аймақты аралау барысында партия өкілдері әр елдімекеннің өзіндік ерекшелігі мен өзекті мәселелері бар екеніне назар аударды. Сондықтан жергілікті жердегі ахуалды көзбен көріп, тұрғындармен тікелей сөйлесу – сайлауалды жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.
«Әділет» партиясы өкілдерінің пікірінше, шалғай елдімекендердің мәселесі де ел дамуының ортақ күн тәртібінен тыс қалмауы керек. Халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған кездесулер сайлауалды науқан аясында үздіксіз жалғасып жатыр.