Вандализм, лудомания, алименттен жалтару, мал ұрлығы: 7 партия өкілдері командалық теледебатта қандай мәселелерді көтерді?

12 тамыз, 2026 / Дана Ізтілеуова
видеодан скриншот

Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы алғашқы командалық теледебат аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz

Теледебаттың тақырыбы – Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі. Бұл командалық теледебаттың басты ерекшелігі – Құрылтай сайлауына қатысатын әр саяси партиядан екі өкіл сөз сөйлейді.

Теледебат барысында партия өкілдері қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, журналистер мен өзге партияның жақтастарының сұрақтарына жауап берді.

«Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев «Заң мен тәртіп» бағыты мектепке енгізілсе де, бәрін мұғалімнің мойнына іліп қойып, қарап отырмау керек екенін айтты.

«Алты баланың әкесі ретінде бұл қағидат маған да маңызды. Жалпы, «Заң мен тәртіп» дегенде сотқа, прокурорға, полицияға ғана керек емес. Бұл сіз бен бізге керек. Бұл қоғамға керек. Ол үшін біз не істейміз? Біз жалпы тәрбиені мектептен құқықтық сауаттылықтан бастаймыз. Қазірдің өзінде «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң мен тәртіп» бағдарламасы енгізілді. Бірақ мектеп тәрбиелейді екен деп, үйде қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ата-ананың тал бесіктен бастап берген тәрбиесін ешбір университет ауыстыра алмайды. Құнанбай болмасақ та, бәріміздің арманымыз – Абай тәрбиелеу. Сол үшін адал, парасатты, саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелейік», – дейді ол.

Дебат барысында ЖСДП өкілдеріне «Ауырып немесе уақытша жұмыссыз қалған ата-ананы қасақана алимент төлемейтін ата-анадан ажыратудың қандай тетіктері бар?» деген сұрақ қойылды. 

«Қасақана алимент төлемейтін ата-ана мен уақытша төлей алмай отырған ата-ананы ажыратуға цифрлық тетіктер мүмкіндік береді. Біздің мемлекетіміз адамның тек кірісін ғана емес, шығындарын да ескереді. Егер адам шынымен жұмысынан айырылып, қиын жағдайда қалса біз жауапкершілікке тартпауымыз керек. Керісінше мемлекет қолдау көрсетіп, жұмыс ұсынуы тиіс. Егер адам шынымен жалтарса мұның бәрі заңмен реттеледі. Бізді бәрінен бұрын балалардың жағдайы алаңдатады. Бала – еліміздің ең басты капиталы. Біз балалардың құқығын қорғауға басымдық береміз. Алимент – баланың заңды құқығы», – деді Нұрайнаш Камалова.

Теледебат кезінде Respublica партиясының лудоманияға қарсы ұстанымы сұралды. Партия өкілі Олжас Құспеков дәл осы бағытта жүйелі жұмысты алғаш бастаған Respublica депутаттары екенін атап өтті. Оның әріптесі Руслан Берденов VIII шақырылым Мәжілісінде букмекерлік кеңселер жарнамасын шектейтін заңнамалық өзгерістерге бастамашы болды.

«Бұрын әр қиылыста букмекер жарнамасы көзді шалып тұратын. Қазір ол қоғамдық орындардың бәрінен алынып тасталды. Біз қоғамның назарын осы мәселеге аудардық және заң талаптарын күшейтуді жалғастырамыз. Алдағы жоспарда — құмар ойындарды шектеу, бақылауды күшейту және азаматтарды ойын тәуелділігінен қорғау. Respublica мұнымен тоқтап қалмайды», – деді Олжас Құспеков.

Ал «Ауыл» партиясының өкілі Ерболат Саурықов ауылдық жерлердегі мал ұрлығы мәселесіне тоқталып, учаскелік полиция инспекторларын жергілікті тұрғындардың сайлауын ұсынды. Оның айтуынша, ауыл халқы өзіне таныс әрі сенетін инспекторды таңдаса, құқық қорғау органдарының жұмысы күшейіп, мал ұрлығының алдын алуға мүмкіндік артады.

«Мен Қазақстанның барлық аймағын аралап шықтым. Үнемі алдымызда тұратын мәселе, бүгінде қазақтың инвестициясы – оның мал-жайы деген түсінік. «Осы мал ұрлығын қашан тоқтатасыздар? Мал ұрлығы көбейіп бара жатыр» деген сұрақтар жиі қойылды. Осыған байланысты біз көп ойланып, осындай тұжырымдамаға келдік.

Осы мәселе бойынша депутат болған кезде де мал ұрлығына қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабын көтерген едім. Көп жағдайда құқық қорғау органдарының осыған қатысы бар деп айтады. Сондықтан біз қазір құқық қорғау органдарының учаскелік инспекторларын ауыл халқы білетін азаматтардың арасынан сайлауды ұсынып отырмыз. Халық өзіне қажетті инспекторды сайлап алатын болса, елімізде мал ұрлығы мәселесі азаяр еді», – деді ол.

«Ақ жол» партиясының бағдарламасында қандай да бір қылмыс жасаған кәсіпкерлерді қамауға алмай, оның орнына айыппұл салу мәселесін енгізген болатын. Алайда «Кәсіпкерлерді айыппұлмен, ақшалай кепілмен босату – кәсіпкерлер мен қатардағы азаматтарды алалау болып шықпай ма? Қалталылар құтылып, қарапайым азаматтар тұтылмай ма?» деген заңды сұрақ туындатқаны рас. Партия өкілі Бек-Мұхаммед Жәукебаев теледебат барысында осы мәселеге кеңірек жауап берді.

«Егер кәсіпкер адам өміріне, денсаулығына, қоршаған орта мен қоғамға залал келтірмесе, экономикалық қылмыстар жасаған болса, оны абақтыға жаппай, неге айыппұл салмасқа? Бюджеттен арнайы ақша бөліп, түрмеде  ұстағанша, кәсіпкерге мүмкіндік беру керек. Кәсіпкердің артында мыңдаған жұмысшы тұр. Оны қамап тастасақ, мемлекет бюджетіне де салық түспейді, жұмыскерлер де жұмыссыз қалады. Сондықтан кәсіпкерді айыппұлмен жазалаған дұрыс деп санаймыз», – деді ол.

Ал «Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері вандализм мәселесіне тоқталып, оның алдын алуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Байтақ» партиясының басты ұстанымы – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Вандалдар деген кімдер? Олар – әлеуметтік топ. Бірақ  бұл жердегі «Байтақтың» негізгі ұстанымы – оларға айыппұл салып, қолданылатын шараларды күшейту емес, оларға бала күнінен дұрыс тәрбие беру, қоршаған ортаға қамқор болуды үйрету. Олар неге вандал болады? Әлеуметтік топ деп неге айтып отырмыз? Олар ортақ мүлікті өзінікі деп ойламайды. Біреудікі деп ойлағаннан кейін оған жаны ашымайды. Сондықтан оларға бүлдірген нәрсенің бәрі оған да, мемлекетке де, байға да, кедейге де ортақ дүние екенін түсіндіру керек. Сонда олар мұндай әрекетті  тоқтатады», – деді Амалбек Өміртай.

Қазақстан халық партиясының өкілі Ирина Смиронова Қазақстан үшін еркін экономика мен табиғи ресурстардың игілігін қоғамға бағыттайтын әлеуметтік-экономикалық модель қажет екенін баса айтты.

«Біздің бай елде кедейлікке жол берілмеуі керек. Біз 30 жыл бойы олигархиялық капитализм жағдайында өмір сүріп келеміз. Бұл бізді қайда алып келді? Тағы 30 жыл осы жолмен жүргіңіз келе ме? Әлде субсидиялар олигархтарға емес, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция ретінде бағытталуы керек пе?
«Біздің мақсатымыз айқын. Құндылықтарымыз өзгермейді. Бағдарламамыздың өзегінде адам және оның әл-ауқаты тұр. Егер мемлекет адам үшін қажет болмаса, онда ол не үшін керек? Мемлекет тек адам үшін қажет»», – деді ол.