Қазір Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы алғашқы командалық теледебат өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Теледебаттың тақырыбы – Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі. Бұл командалық теледебаттың басты ерекшелігі – Құрылтай сайлауына қатысатын әр саяси партиядан екі өкіл сөз сөйлейді. Бірінші кезеңде қатысушылар қарсыластарының сайлауалды бағдарламаларына талдау жасайды. Әр партияға 2,5 минуттан уақыт беріледі.
Жеребе қорытындысы бойынша командалық теледебатта бірінші болып сөз алған «Ақ жол» партиясының өкілі Бек-Мұхаммед Жәукебаев Халықаралық жастар күнінде жастар мәселесін сөз етуге шыққанына сөз етті.
«Қазіргі жастар ешкімнен кем емес. Өз елінде адал еңбек еткісі келеді. Бірақ бізге ең бастысы, қорғаныш пен заң алдындағы теңдік жетіспейді. Қоғамда да бай бар, кедей бар. Орта тап та бар. Мүмкіндіктеріміз әртүрлі. Бірақ заң алдында бәріміз тең болуымыз шарт. Тәуелсіз сот пен заң үстемдігі болмаса, арамыздан, тіпті Тони Старк секілді гений шықса да, өзінің үлкен арманына өз елінде жетуі өте қиын болады. Сондықтан «Ақжол» партиясы сот жүйесін реформадан өткізіп, адвокаттардың өкілеттілігін күшейтуді және азаматтардың күнәсіз презумпциясын қамтамасыз етуді ұсынады», – дейді ол.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Нұрайнаш Камалова «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызына айрықша тоқталды.
«Заң мен тәртіп» – мемлекетті әділетті ұйымдастыру мен азаматтардың оған деген сенімінің көрінісі. Тек осындай негізде ғана әрбір азаматтың құқықтары мен жауапкершілігі барынша теңгеріліп, өзара үйлесім табады. Адал азамат ұғымы дәл осындай Қазақстанда толық мәнде жүзеге асады. Ал біздің сайлауалды бағдарламамыз осындай заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Құқықтық мемлекет – заң үстем ететін, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандығы толық қорғалған мемлекет. Заң ат төбеліндей қалың топқа емес, халыққа қызмет етуі керек. Заңдар олигарх пен қарапайым халыққа бірдей болуға тиіс. Соттар тәуелсіз, әділетті әлі адал болу керек», – дейді ол.
«Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев сөзжарысты бастап, үш сұраққа жауап беретіндерін айтты.
«Бізден «Сіздер кімсіздер?» деп сұрағандарға жауабымыз: Біз ескіні қайталауға келген жоқпыз. Біз жаңаны қалыптастыруға келдік. Біз – Жаңа конституция партиясымыз. Біз – Президенттің саяси тірегіміз. Мен – сот залында сойқанын, заңның солақайын көрген адвокатпын. Әріптесім – қылмыстың жолын кескен прокурор. Екеуіміз заңның қалай жұмыс істейтінін бес саусағымыздай білеміз. Біз немен күресеміз? Сот әлсізге келгенде батыр, ал күштіге келгенде пақыр болмауы керек. Ел ішінде ащы сөз бар. «Түйме ұрласаң, соттайды ұрысың деп, ал түйе ұрласаң мақтайды ірісің» деген. Біз бұл әділетсіздікке нүкте қоямыз.
Біздің басты сүйенішіміз – Ата Заң, қорғайтынымыз – адал азамат. Ережеміз қарапайым: адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба – жауап бер. Байлығың, лауазымың жазадан құтқармайды. Елімізде заң көп, біз ол заңдарға ревизия жасап, Конституцияға сай етеміз», – деді Мәди Мырзағараев.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Жандос Бәйдібеков әкімшілік юстицияның маңызын сөз етті.
«Бүгінгі таңда елімізде конституциялық сот құрылып өз жұмысын атқаруда. Біздің партияның бастамасымен былтырдан бастап үш дербес кассациялық сот құрылып, тиімді жұмыс істеп келеді. Президенттің бастамасымен елімізде әкімшілік юстиция іске қосылды. Оның аясында даулардың жетпіс пайызы азаматтардың пайдасына шешілуде, мұндай нәтиже өте жақсы көрсеткіш деп санаймыз. Сондықтан бұл тәжірибені ары қарай жалғастыруымыз керек», – дейді ол.
Келесі сөз кезегін алған «Ауыл» партиясының өкілі Ербол Саурықов партияның басым бағыттарын атап өтті.
«Заң алдында бәріміз теңбіз деп айту оңай. Бірақ мүмкіндік алдында бәріміз теңбіз бе? Ауылдағы баламен қаладағы баланың мүмкіндігі тең бе? Бүгінгі күнде шалғайдағы азамат пен мегаполистегі азаматтың сапалы білім, денсаулыққа қол жеткізуі және мемлекеттік қызметке қол жеткізуі бірдей ме? Жоқ, бірдей емес. Биыл мемлекет басшысы бастамашы болған Жаңа конституция еліміздің жаңа саяси бағыты мен құқықтық бағдарын айқындады. «Ауыл» партиясы үшін Конституциямыз қағаздағы баптармен емес, оның қарапайым халықтың өмірінде қалай жүзеге асатынымен өлшенеді», – дейді ол.
Одан кейін сөйлеген «Байтақ» жасылдар партиясы Амалбек Өміртай ел дамуының төрт қағидатын атады.
«Біз дамушы әлемде, өзгермелі әлемде, кеңеюші әлемде және қайшылыққа толы әлемде өмір сүреміз. Сондықтан «Байтақ» партиясы дамуға қатысты төрт қағидатты ұстанады. Даму тек экономикалық өсіммен ғана емес, азаматтардың табысы мен өмір сапасының көрініс табатын шынайы даму керек. Екіншісі, әлем өзгеріп жатыр. Демек мемлекет те, қоғам да жаңа өзгерістерге дайын болуы керек. Үшіншісі, бірлік. Жаһандағы ешбір мемлекет оқшау өмір сүре алмайды. Су, климат, экология, барлығына ортақ жауапкершілік. Төртінші, күрделілік. Таразының бір басы экономика, бір басы табиғат. Таразының бір басы бүгінгі пайда, екінші жағы келешек ұрпақтың денсаулығы. Таразаның бір жағы ірі капитал, екіншісі адамның қарапайым құқығы», – дейді ол.
Соңғы болып сөз кезегін алған Respublica партиясының өкілі Динара Шүкіжанова «Respublica партиясының бағдарламасы: бай-қуатты азамат – жауапты қоғам, тиімді мемлекет – қауіпсіз ел құруға бағытталғанын атап өтті.
«Мен өндіріс саласында 15 жыл еңбек етіп келемін және бір қарапайым нәрсені анық білемін: елді уәделер емес, нақты жұмыс өзгертеді. Respublica – ескі жүйедегі партияларға шынайы балама. Біз халықты алдамаймыз, ойымыз анық, ісіміз нақты! Ескі партиялар дәуірі өтті. Қазақстанға жаңа әрі ақылға қонымды шешімдер қажет», – деп мәлімдеді ол.
Спикердің айтуынша, Respublica жұмыс орындарын құруды, салық төлеуді және өндірісті дамытуды жалғастыруда. Сонымен қатар ол заң мен ережелер министрдің ауысуына және оның жеке көзқарасына байланысты өзгермеуі керек екенін баса айтты.