Астанадағы соңғы майдангер Рзағұл Байкешев өмірден озды

Бүгін, 20:30 / Жамбыл Жайлау
Астана қаласының ішкі саясат басқармасы

Астанада Ұлы Отан соғысына қатысқан соңғы майдангер Рзағұл Байкешев 103 жасында дүниеден өтті. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Астана мәслихатының мүшелері, Алматы ауданының әкімі, әскери бөлім командирлері, ардагерлер ұйымдарының мүшелері және марқұмның туған-туыстары қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс министрінің атынан майдангердің отбасына көңіл айтуды Астана қаласы Алматы ауданы қорғаныс істері басқармасының бастығы, подполковник Серік Қасенов жеткізді.

Қоштасу рәсімі Құрмет қарауылы ротасы мен Әскери оркестрдің қатысуымен өтті. Марқұмға жаназа намазы оқылып, әскери дәстүрге сай құрмет көрсетілді.

Рзағұл Байкешев майдан жылдарында кеңес әскері қатарында Ржев түбіндегі шайқастарға және Великолукск шабуыл операциясына қатысқан. Сонымен қатар Польша мен Мажарстанды азат ету ұрыстарында болған. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған.

Майдандағы ерлігі мен жауынгерлік қызметі үшін Рзағұл Байкешев І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және өзге де мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Соғыстан кейін ардагер Ақмола өңірінде еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы совхозда экспедитор қызметін атқарған.

Рзағұл Байкешев Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында жер қойнына тапсырылды. Ардагерді шығарып салу кезінде құрметіне қарудан үш мәрте салют атылды.

Тэгтер:

Рзағұл Байкешев