Астанада Қазақстан футбол федерациясының орталығында футбол қақпасы 9 жастағы баланың үстіне құлап, оның басынан жарақат алуына себеп болды. Астана полициясы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға 10 тамыз күні кешкі уақытта болған.
«9 жастағы баланың үстіне футбол қақпасының құлауфактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Анықталғандай, жаттығу кезінде бала футбол қақпасына асылып тұрған, соның салдарынан қақпа оның үстіне құлаған. Бала жарақат алды, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаменті.
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бұған дейін құзырлы органдарға тергеу барысында жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.
Ал Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы әлі де ауыр екенін хабарлады.
«Бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр деп бағаланады. Қазіргі уақытта барлық қажетті қарқынды терапия жүргізіліп, балаға медициналық көмектің толық көлемі көрсетілуде», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.