Тоқаев отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалаушы Бәтима Зәуірбековаға «Отан» орденін табыстады

Бүгін, 15:11 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалаған, бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Бәтима Зәуірбековаға «Отан» орденін табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.

– Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.