Тревел-блогер, ByDastann лақап атымен танымал Дастан Мұхамедрахым Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы лотос алқабын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биіктен түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушыларының назарын тез аударды.
Кадрларда лотостың қалың өскіндерінің арасымен төселген ағаш жол көрінеді. Блогер жарияланымға жазған жазбасында оқырмандарын Қазақстандағы сирек кездесетін табиғи орындардың бірін тамашалауға шақырған.
«Елімізде осындай әдемі жер бар екенін білдіңіз бе? Құрманғазы ауданында әлемде сирек кездесетін Лотос гүлдерінің алқабын көруге болады», – деді ол.
Айта кетейік, Дастан Мұхамедрахым Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері туралы атмосфералық видеолар түсіреді. Оның Instagram парақшасына шамамен 2 млн адам жазылған. 2026 жылы қазақстандық блогер WIBA Awards халықаралық сыйлығының Best Travel Blogger номинациясында лауреат атанды.
Лотос алқаптары Қиғаш өзені маңында орналасқан. Гүлдердің белсенді гүлдеу кезеңі әдетте шілде мен тамыздың бірінші жартысына сәйкес келеді. Өткен жылы бұл туристік бағытқа бір ай ішінде шамамен 40 мың адам барған. Қонақтар үшін қайықпен серуендеу, балық аулау және құстарды бақылау мүмкіндігі де қарастырылған.
15-16 тамызда Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында LOTUS FEST фестивалін өткізу жоспарланған. Бағдарламада концерттер, көрмелер, ұлттық ойындар, мәдени-сауықтық іс-шаралар және қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өтетін гала-концерт бар.