Заң ғылымдарының докторы, Құрылтай депутаттығына кандидат Үнзила Шапақ жаңа Конституциядағы ең басты өзгерісті атады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жаңа Конституциядағы ең басты өзгеріс – мемлекеттің даму философиясының жаңаруы және оның құндылықтық негізінің айқын әрі терең түрде қайта тұжырымдалуы.
Егер бұрын Конституция негізінен тәуелсіздікті бекітуге, мемлекеттік институттарды қалыптастыруға және демократиялық құрылымды орнықтыруға бағытталса, жаңа редакция Қазақстанның кім екенін, қандай тарихи негізге сүйенетінін және болашақта қай бағытта дамитынын нақты көрсетеді.
Біз тарихи сабақтастықты, ұлттық бірлікті, заң үстемдігін, мәдени және ғылыми прогресті, экологиялық жауапкершілікті біртұтас жүйе ретінде қарастырдық. Бұл – жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі. Өз баяндамамда да Преамбуланы жаңғырту ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын және елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам екенін айттым.
Ең басты өзгеріс – Конституцияның мазмұндық тереңдеуі және оның жаңа қоғамдық келісімнің айнасына айналуы. Жаңа мәтін Қазақстанды құқықтық мемлекет қана емес, әділетті, ұлттық-өркениеттік, жауапты және болашаққа бағдарланған мемлекет ретінде айқындайды», – дейді Үнзила Шапақ.
Сонымен қатар, маман Конституцияның преамбуласы – Негізгі Заңның жай ғана кіріспесі емес екенін баса айтты. Ол – оның идеялық әрі моральдық іргетасы. Яғни, Преамбула – құқықтық нормалардың астарындағы философия. Ол қоғамды біріктіреді, тарихи сабақтастықты көрсетеді және мемлекеттің даму бағытын айқындайды.
«Ұзақ уақыт бойы преамбула көбіне салтанатты, ұрандатып айтылатын сөздер жиынтығы ретінде қабылданып келді. Бірақ, біз оны тек символикалық мәтін емес, мемлекеттің идеялық бағытын айқындайтын стратегиялық құжат ретінде қарастырдық. Сондықтан, кіріспе мәтінді әзірлегенде ең алдымен мазмұндық тереңдікке, тарихи сабақтастыққа және болашақ даму бағдарына басымдық бердік.
Бірінші басымдық – тарихи негізділік пен ұлттық сабақтастық. Қазақстан – кездейсоқ құрылған мемлекет емес, Ұлы Даланың мыңжылдық мемлекеттілік дәстүрінің жалғасы. Сондықтан «байырғы қазақ жері», «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы» деген тұжырымдар арқылы біз елдің тарихи тамырын нақты көрсетуді көздедік. Бұл – ұлттық мемлекеттілікті нығайтудың конституциялық деңгейдегі көрінісі. Өз баяндамамда Преамбуланы жаңарту ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын маңызды қадам екенін атап өткен болатынмын .
Екінші басымдық – ұлттық бірлік пен ортақ жауапкершілік. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» деген сөйлем жекелеген топтарды емес, ортақ тағдыр мен ортақ мақсат арқылы біріктірілген саяси ұлтты білдіреді. Бұл тұжырымды «ұлттық келісім формасы» деп атап, оның бүкіл халықты тең құқықтар мен ортақ жауапкершілік арқылы біріктіретіні айтылды.
Үшінші басымдық – жаңа даму философиясы. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын енгізу арқылы біз мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындадық. Бұл ұғымдар мемлекеттік басқарудың, сот жүйесінің және қоғамдық қатынастардың әділеттілікке негізделуі керектігін білдіреді. Бұл – формалды заң үстемдігінен гөрі мазмұндық әділеттілікке басымдық беру.
Төртінші басымдық – өркениеттік және зияткерлік бағдар. Конституция тек билік тармақтарын сипаттайтын құқықтық акт қана емес, елдің болашақ даму моделін айқындайтын құжат болуға тиіс. Сондықтан мәдениет, білім, ғылым, инновация және табиғатты аялау мәселелерін арнайы атап өттік. Өз сөзімде Конституция тек заңдармен шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға және мәдениетке бағдар беруге тиіс екенін ерекше атап өткен едім. Бұл – Қазақстанды тек құқықтық емес, өркениеттік мемлекет ретінде көрсету ұстанымы.
Қысқаша айтқанда, Преамбуланы ұрандар жиынтығы емес, мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісім ретінде қарастырдық. Сондықтан, мәтін тарихи негізге сүйенген, ұлттық бірлікті айқындайтын, әділеттілікке бағытталған және болашаққа бағдар беретін мазмұнда дайындалды», – дейді ол.