«Әділет» партиясының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Жаңаөзен, Тараз, Ақсай және Жәйрем елді мекендерінде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Жүздесулер барысында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл-аймақтың әлеуетін арттыру және өңірлердің экономикалық дамуы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Медицина – халық саулығының негізі
Жаңаөзен қаласында Құрылтай депутаттығына үміткерлер Аят Сүгірбай мен Марат Себасов №3 қалалық емхананың еңбек ұжымымен кездесті. Жиын барысында кандидаттар «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, әлеуметтік саланың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Кездесуде білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ауыл-аймақтың әлеуетін арттыру, тұрғындарды баспанамен қамту, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы партияның нақты жоспарлары сөз болды.
Құрылтай депутаттығына үміткер Аят Сүгірбай денсаулық сақтау саласындағы басты міндеттердің бірі – аурудың алдын алу және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру екенін атап өтті.
«Бүгінде ел азаматтарының 35,7 пайызы ғана салауатты өмір салтын ұстанады, ал 44,5 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіштер денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін әлі де күшейту қажеттігін көрсетеді. Әсіресе балалар арасындағы артық салмақ пен қимыл-қозғалыстың аздығы алаңдатады. Сондықтан біз емдеуге ғана емес, аурудың алдын алуға басымдық беруіміз керек», – деді Аят Сүгірбай.
Оның айтуынша, «Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасында халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған бірқатар нақты міндеттерді белгілеген. Атап айтқанда, 2029 жылға қарай азаматтардың кемінде 50 пайызының тұрақты түрде спортпен шұғылдануына жағдай жасау көзделген. Бұл ретте қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтып, елді мекендерде заманауи спорт нысандарын көбейту және тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына қажетті жағдай қалыптастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар партия халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізуді мақсат етеді. Денсаулық сақтау саласында кардиологиялық қызметті жаңғыртуға ерекше мән беріліп, негізгі басымдық стационарлық емдеуден ауруды ерте анықтауға және пациенттерді амбулаториялық деңгейде бақылауға кезең-кезеңімен ауыстырылмақ.
Жиында білім беру саласын дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды. Құрылтай депутаттығына үміткер Марат Себасов партияның сайлауалды бағдарламасында балалардың сапалы білім алуына және олардың білім беру ұйымдарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
«Әрбір бала тұрғылықты жеріне немесе отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек. Бұл мәселені балабақшадан бастап шешуді көздейміз. Балаға жасалған жағдай – елдің ертеңіне жасалған инвестиция», – деді Марат Себасов.
Оның сөзінше, бес жылдық сайлауалды бағдарлама аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 79 мың жаңа орын ашу жоспарланған. Бұл шараның нәтижесінде 2028 жылға қарай кезекте тұрған 2–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамту көзделіп отыр. Ал мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын шешу бағытында 2031 жылға дейін кемінде 300 мың жаңа оқушы орны бар мектептер салу жоспарланған.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медицина мамандарын қолдау, профилактикалық медицинаны дамыту және әлеуметтік саланың өзге де бағыттарына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Тікелей диалог – тиімді байланыстың негізі
«Әділет» партиясының мобильді үгіт-насихат тобы Тараз қаласындағы «Жібек жолы» базарында тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариева бастаған топ құрамында Жамбыл облыстық сайлауалды штабының мүшелері болып, базарға келушілерге партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесу барысында тұрғындар мен кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, партия өкілдеріне сауалдарын қойды. Атап айтқанда, шағын бизнесті қолдау, сауда орындарының жағдайы, қала инфрақұрылымы, әлеуметтік мәселелер және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды.
Мобильді топ мүшелері базар аумағын аралап, азаматтармен тікелей тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жалпы, кездесу барысында 60-қа жуық тұрғынмен пікір алмасып, партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат берілді.
«Халықпен тікелей кездесудің маңызы зор. Базарға келген әр адамның өз мәселесі, өз ұсынысы бар. Біз үшін олардың пікірін тыңдап қана қоймай, күнделікті өмірде қандай мәселелер алаңдататынын түсіну маңызды. Осындай тікелей диалог арқылы партияның алдағы жұмысына қажетті нақты ұсыныстарды жинақтаймыз», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариева.
Мобильді үгіт-насихат тобының жұмысы барысында партия өкілдері тұрғындарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Кездесу еркін форматта өтіп, тұрғындарға партия өкілдерімен ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді.
«Әділет» партиясының Жамбыл облысындағы сайлауалды жұмысы халықпен тікелей байланыс орнатуға бағытталған. Мобильді үгіт-насихат топтарының жұмысы алдағы күндері де жалғасып, тұрғындар мен еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылады.
Ауыл ахуалы – басты назарда
«Әділет» партиясының «Мобильді керуен» тобы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Басқосуға Құрылтай депутаттығына кандидат Тұрарбек Тлемисов, партияның Саяси кеңесінің мүшесі Алима Дүйсмағамбетова, «Ауыл аманаты» жобасының спикері Алмагүл Исмагулова және «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірлік координаторы Анархан Құттығалиева қатысып, өз бағыттары бойынша ақпарат берді.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін жеткізді. Атап айтқанда, Ақшатау ауылының тұрғыны үш жылдан бері банктік қарызын төлей алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, атына тіркелген, қазір құлаған үйдің мүлік ретінде есепте тұруы банкроттық рәсіміне жүгінуге кедергі келтіріп отыр. «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы азаматтың мәселесі заңгерлік сүйемелдеуге алынатынын жеткізді. Қолданыстағы заңнама аясында сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігін қарастырып, мәселенің оңтайлы шешімін табуға көмектесетіндерін айтты. Ақсай қаласының тұрғыны Аманжол Мамешов және басқа да азаматтар жұмыссыздық пен табыстың болмауына байланысты банк шоттарының бұғатталғанын, соның салдарынан күнделікті қажеттіліктерге қаражат табу қиындағанын айтып жүгінді. Сарапшылар қарыз бойынша төлемі 12 айдан астам уақыт бойы жүргізілмеген әрі тұрақты кірісі жоқ азаматтарға заңнамада көзделген банкроттық рәсімдерін қолдану немесе банк шоттарын бұғаттан шығару тетіктерін қарастыруға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ, бала саны аз ауыл мектебінің жабылмауына ықпалдасу, денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының жұмысына қатысты да бірқатар сауалдарын қойып, нақты жауабын білді.
– Бүгінгі таңда тұрғындардың үйіне барып, олардың мәселесін тыңдау, әр азаматтың өзекті мәселесін ашық айтуына мүмкіндік беру өте маңызды. Біздің басты мақсатымыз — әрбір өтінішті назардан тыс қалдырмай, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында заңгерлік және консультациялық қолдау көрсету. 23 тамыздан кейін де заңгерлеріміз азаматтардың өтініштері бойынша сот арқылы банкроттық рәсімдерін жүргізу, банк шоттарын бұғаттан шығару және талап-арыздарды дайындау мәселелерінде сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырады. Ал ауылдың өркендеуі мен болашағы мектептің сақталуымен тікелей байланысты. Сондықтан елді мекендердегі инфрақұрылымды дамытуға, жас мамандардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасауға басымдық берілуі керек. Бұл — сайлауалды бағдарламамыздағы маңызды бағыттардың бірі, – деп атап өтті спикерлер.
Айта кетейік, бүгін – ауыл-аймақтағы жұртшылықпен кездесіп, тұрғындардың мәселелерін зерделеп жүрген «Мобильді керуен» тобының екінші жұмыс күні. Алғашқы жұмыс сапарын олар Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылынан бастаған болаты. Кейін Орал қаласындағы «Ақжайық» оңалту орталығының қызметкерлерімен кездесті. Бүгін мобильді топ Теректі және Бөрлі аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Қазіргі таңда «Мобильді керуен» тобы жұмыс сапары барысында шамамен 800 шақырым жол жүріп, 1 000-нан астам тұрғынды қамтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта да топтың ауыл-аймақ тұрғындарымен кездесуі жалғасады.
Ұлытау – өндірістік әлеуеті зор өңір
Ұлытау өңірінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Құрылтай депутаттығына кандидат Ақжол Құрмансейіт штаб мүшелерімен бірге Жәйрем кентіндегі марганец кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс саласының әлеуетін арттыру, жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру және тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мәселелері сөз болды.
«Ұлытау облысының дамуы ең алдымен өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, еңбек адамын қолдауға және елді мекендердің әлеуетін арттыруға байланысты. Жәйрем – өндірісі өркендеген маңызды елді мекендердің бірі. Мұндағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы өңір экономикасына ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасына да тікелей әсер етеді. Сондықтан халықтың ұсыныстары мен еңбеккерлердің пікірлері назардан тыс қалмауы тиіс», – деді Ақжол Құрмансейіт.
Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелер, елді мекеннің инфрақұрылымы және өңірдің болашағына қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуде айтылған пікірлер мен ұсыныстар назарға алынып, Ұлытау облысының одан әрі дамуына қатысты мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығы атап өтілді.