Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан сөз сөйлеп, оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Stan.kz жазуынша, ол сөзін марқұмның отбасына көңіл айтып, кешірім сұраудан бастаған. Сондай-ақ болған жағдайға өкінетінін жеткізді.
Аймахан жәбірленуші тарап талап еткен 15 миллион теңге материалдық шығынды өтеуге дайын екенін, алайда 10 миллиард теңге көлеміндегі моральдық өтемақымен келіспейтінін мәлімдеді.
"Нұрайға кеткен материалдық шығынды, 15 миллион теңгені өз мойныма аламын, болашақта жұмыс істеп өтеуге дайынмын. Ал моральдық өтемақы 10 миллиард теңгені мойныма алмаймын. Осындай жағдай болғанына қатты өкінемін. Өмір бойы өкініп өтемін", – деді ол сотта.
Айыпталушының айтуынша, ол Нұраймен тойда танысып, кейін әлеуметтік желі арқылы сөйлесе бастаған. Бұдан кейін екеуі кездесіп жүрген.
Шерхан Аймахан Нұрай Шымкенттегі кофеханаға жұмысқа орналасқаннан кейін күн сайын кездескендерін айтты. Оның сөзінше, қыз Алматыға кетер алдында арақашықтықтағы қарым-қатынасты қаламайтынын айтып, одан ай сайын Алматыға келіп тұруды сұраған.
Айыпталушы Нұраймен отбасы құру ниеті болғанын және бұл ойын қыздың өзіне де айтқанын жеткізді. Сондай-ақ ол 2025 жылғы 29 қыркүйекте Алматыға барып, Нұраймен кездескенін айтты. Ал 4 қазанда болған оқиғаға қатысты Аймахан Нұрай Алматыдан өз еркімен шықты деген уәж келтірді.
Оның сөзінше, жол бойында бірнеше рет дүкенге тоқтаған, Нұрайдың телефоны өзінде болған және көмек сұрауға мүмкіндігі болған.
"Нұрайдың телефоны жанында болды. Өз еркімен келе жатпаса, сол кезде шығып, көмек сұрауына болар еді. Ол өзі мені оятып, әрі қарай жүрейік деді. Шымкентке келгеннен кейін көлік жууға да тоқтадық. Ол жерде де көмек сұрай алар еді", – деді айыпталушы.