Ақтөбе облысында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді. Жыл басынан бері өңірде 21 жасқа толмағандарға және түнгі уақытта алкоголь сату бойынша 356 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, биылғы жылдың жеті айында мас күйінде жасалған қылмыстар санының төмендегені байқалады. Осыған қарамастан алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу және оны болдырмау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Анықталған 356 деректің 314-і бойынша алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиялардың қолданылуы тоқтатылса, 42 жағдайда лицензиядан айыру туралы шара қабылданған. Сонымен қатар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, тиісті тіркеу және рұқсат құжаттарынсыз алкоголь өнімдерін өткізу фактілеріне де ерекше назар аударылуда.
Осы бағытта Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша 214 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 161 тұлға тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін өткізгені үшін жауапқа тартылған. Заңсыз айналымнан 2 500-ден астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленді.
– Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеу. Әсіресе 21 жасқа толмағандарға және түнгі уақытта алкоголь сатуға қатысты талаптардың сақталуы тұрақты бақылауда. Заң талаптарын бұзған әрбір тұлға белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Бұл бағыттағы профилактикалық және рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Ақтөбе облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Сентаев.
Полиция атап өткендей, алкоголь өнімдерін заңсыз сату – әкімшілік талаптарды бұзумен ғана шектелмейді. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне кері әсер етіп, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға кедергі келтіреді.
Полиция сауда нысандарының иелерін алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Заңсыз сауда үшін жауапкершілік қарастырылған.