Нұрай Серікбайдың өлімі: Прокурор күдіктіні өмір бойына соттауды сұрады

Бүгін, 17:11 / Інжу Әлихан

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Абилқасымов соттан күдікті Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды turkystan.kz ZTB-ға сілтеме жасап. 

Прокурордың айтуынша, жәбірленуші тараптың көрсетпелері іс материалдарымен расталады, сондай-ақ жазаны жеңілдетуге негіз жоқ. Ол Нұрайдың Аймаханға ешқандай өкпесі жоқ екенін айтқан бейнежазбаны есепке алмауды сұрады. Себебі, прокурордың сөзінше, сараптама оның сөздерінің алдын ала жатталғанын көрсеткен.

«Жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», - деді прокурор.

Айта кетейік, сотталушы Шерхан Аймаханға ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:

125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;

115-1-бап – «Сталкинг»;

99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы – «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру».

Еске салайық, қанды қылмыс 11 қаңтарда болған. Айыпталушы Шерхан Аймахан жәбірленуші Нұрай Серікбайға 35 жерінен пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оған «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы бойынша айып тағылған. Алайда сотталушы өз кінәсін толық мойындамайды. Ол қылмысты аффект жағдайында жасағанын айтып отыр.