Respublica партиясының өкілдері Ақтөбеде «РОКОС ЛОГИСТИК» ұжымымен кездесті

Бүгін, 23:01 / Інжу Әлихан
Respublica партиясы

Ақтөбеде Respublica партиясының өкілдері «РОКОС ЛОГИСТИК» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Айтуар Қошмамбетов, Мейрамгүл Мәдәлі, Айдана Тоғызбаева, Айдос Досқалиев, Дәурен Жабасов, Тахмина Нұғманова және Respublica партиясының өзге де мүшелері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында Respublica партиясының Парламенттегі үш жылдық жұмысының нәтижелері таныстырылды. Кандидаттар кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, жастар саясаты және әлеуметтік сала бағыттарындағы бастамаларға тоқталды.

«Біздің мақсатымыз – сөзбен емес, нәтижемен көрсету. Біз әртүрлі саладан келген адамдармыз. Арамызда кәсіпкерлер, журналистер, өндіріс саласының мамандары, қоғам белсенділері бар. Бірақ бәрімізді біріктіретін бір нәрсе – нақты нәтижеге жұмыс істеу», – деді Мейрамгүл Мәдәлі.

Ақтөбе облысынан Құрылтай депутаттығына кандидат Дәурен Жабасов Respublica партиясының Парламенттегі жұмысы аясында жүзеге асқан бірқатар заңнамалық бастамаға тоқталды. Атап айтқанда, вейптерге тыйым салу және лудоманиямен күрес бағытындағы өзгерістер сөз болды.

Respublica партиясының кандидаты Тахмина Нұғманова отандық өндіріс пен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі үшін кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, мемлекеттік тетіктерді жетілдіру және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды.

«Біздің командамыздағы азаматтардың барлығының жұмыс істеп тұрған бизнесі бар. Біз өнеркәсіпті дамытпай, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынымызды түсінеміз. Сіздер – отандық өндірістің маңызды бөлігісіздер», – деді Тахмина Нұғманова.

Сонымен қатар Respublica партиясының өкілдері өңірдегі мал шаруашылығын дамыту мен өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Бұл бағытта өндіріс пен ауыл шаруашылығы арасындағы байланысты күшейтудің маңызы айтылды.

Кездесуде кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының мәселелерін заңнамалық деңгейде қарастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті дамыту тақырыптары да сөз болды. Respublica партиясы өкілдерінің пікірінше, бұл мәселелер еңбек нарығы мен өңір экономикасының дамуына тікелей әсер етеді.

Кездесу соңында Respublica партиясының өкілдері «РОКОС ЛОГИСТИК» ЖШС ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өндіріс саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Respublica партиясы еңбек ұжымдарымен тікелей кездесулер барысында көтерілген ұсыныстарды алдағы жұмысында ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Тэгтер:

Respublica партиясы