Өскемен қаласы Сәтбаев даңғылында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған той кортежін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнежазбада кортеж құрамындағы көліктердің бірінде жолаушылардың қозғалыс кезінде терезеден денесін шығарғандары көрінеді. Мұндай әрекет жолаушылардың өздеріне ғана емес, жолдағы басқа да адамдарға қауіп төндіреді.
Сонымен қатар көліктердің бірінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Бес адам ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігі бойынша, тағы бір жүргізуші осы баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Мерекелік көңіл-күйге беріліп, жолдағы қауіпсіздік талаптарын естен шығаруға болмайды.