«МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев әріптесі Кенжебек Жанәбіловтің екі күн бұрын жүрегі қысылып, ұстама болғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, оның жағдайы қазір біршама жақсарғанымен, дәрігерлердің үнемі бақылауында болуын және ота жасатуы қажет екенін мәлім етті.
«Ақ Кенжештің хәлін сұрап, көңілін көтеріп қайттық. «Еренсау» ауруханасының дәрігерлеріне мың алғыс! Кенжебек білікті маман, тәжірибелі дәрігер Алмат Егізеков мырзаның жіті қадағалауында. Екі күн бұрын қатты қысылып, ұстама беріпті. Бүгін беті бері қарапты. Алайда, мамандар үлкен күтімді қажет етеді дейді. Бүкіл Қазақстанның жоғары дәрежелі кардиологтарымен консилиум жасап, ортақ шешімге келу керегін айтты. Бір сөзбен айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Ота жасаса, 3-4 ай сахнаға шықпай, демалуына тура келеді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші әріптесіне дұға жасап, тезірек сауығып кетуін тіледі.
«Кенжебек Тұрсынбайұлына дұға жасап қоялық. Алла шипа берсін. Ауырып жатқан жанның ұнжырғасын түсіре бермей, күлкіге көмкеріп, көңіл-күйін көтеріп кету сауапты амалдардан екен. Құлан-таза жазылып, аттай шауып жүрсін. Сіздерге де мықты денсаулық тілейміз», – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Айта кетейік, бұған дейін Кенжебек Жанәбілов денсаулығына байланысты Шымкентте өтетін ән кешіне бара алмайтынын жазған болатын. Әнші жүрек-қан тамырларының бітеліп қалғанын айтып, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылғанын жеткізген еді.