Шымкент пен Тараз қалаларында, сонымен қатар Ақтөбе облысында «Әділет» партиясының өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырды. Жүздесулерде экология, орман шаруашылығы, кәсіпкерлікті қолдау және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мәселелері көтерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Есіктен есікке»:Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
Шымкентте «Әділет» партиясының қалалық және аудандық сайлауалды штабтары тұрғындармен тікелей кездесуге басымдық беріп келеді. 23 шілдеден бері қалада түрлі форматтағы 345 іс-шара ұйымдастырылып, олардың аясында 218 мыңнан астам азамат қамтылған. Оның ішінде «Есіктен есікке» акциясы арқылы 28,5 мың тұрғынмен тікелей байланыс орнатылды.
Үгіт-насихат жұмысы барысында партия өкілдері аулалар мен тұрғын үйлерді, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын аралап, тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген бастамаларды таныстыруда. Кездесулер тек бағдарламаны түсіндірумен шектелмейді. Жұмысшы топтар азаматтардың күнделікті өмірінде кездесетін мәселелерді тыңдап, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын жинақтауға да көңіл бөліп отыр. Тұрғындардың пікірлері арнайы QR-код арқылы жинақталып жатыр.
Партияның қалалық және аудандық сайлауалды штабтарында жалпы 150 адам үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылған. Олардың қатарында партия белсенділері, штаб мүшелері және түрлі қоғамдық орта өкілдері бар.
Штабтардың жұмысы «Есіктен есікке» акциясымен ғана шектелмейді. Сайлауалды науқан барысында тұрғындармен кездесулер, ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, еңбек ұжымдарымен және қоғамдық ұйымдармен жүздесулер сияқты түрлі форматтар қолданылуда. Бұл жұмыстар партия бағдарламасының негізгі бағыттарын кеңінен таныстырып қана қоймай, азаматтармен тікелей кері байланыс орнатуға мол мүмкіндік беріп отыр. Ақпарат таратып, халықпен кері байланысты қамтитын форматтағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Орманды қалпына келтіру – негізгі мақсат
Құрылтай депутаттығына кандидат Ербол Данағұловтың Ақтөбедегі «Темір орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесуінде «Таза Қазақстан» идеясы мен бастамалары, орман шаруашылығы, экология саясаты, ауыл-аймақты, өңірлерді дамыту, еңбек адамын қолдау мәселелері талқыланды. Кездесуде партия өкілі сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарымен таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Басқосуға 40-тан астам адам қатысты.
Ербол Данағұловтың айтуынша, бағдарламада орман егу, орманды қалпына келтіріп және заманауи қорғау жүйелерін енгізе жүріп, орман алқабы ауданын 14,5 млн гектарға дейін жеткізу міндеті қойылған. Сондай-ақ жаңа ерекше қорғалатын таби аумақтар құру, қолданыстағы қорғалатын аумақтардың ауданын 2 млн гектарға дейін кеңейту көзделгені айтылды.
Мекеме басшысы Сабыржан Молдақұловтың айтуынша, Темір орман шаруашылығы 20 238 гектар жерді алып жатыр. Мекеменің жеке тұқымбағында 20-дан астам ағаш түрі өсіріледі екен. Биылдан бастап мұнда көшеттер егіп, оларды жабық тамыр жүйесімен өсіру үшін контейнерлік алаң жасақтау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Ербол Данағұлов партияның сайлауалды бағдарламасында биологиялық әралуандықты сақтау мемлекеттік экология саясатының басты басымдықтарының бірі болуы қажеттігіне, Қазақстанда биологиялық әралуандықты сақтау және оны орнықты пайдалану тұжырымдамасын дәйекті түрде іске асыру туралы айтылғанын тілге тиек етті.
Мекемеде 42 адам еңбек етеді екен. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін станса 2 мобильді өрт сөндіру техникасымен және 2 трактормен жабдықталған. Былтыр қаржылық лизинг арқылы 2 трактор алынған. Жиында шаруашылық қызметкерлері тракторшылардың жалақысын көтеру туралы сұрақтарын қойды. Қатысушылар бұл бағыттардағы қолдаудың еңбек жағдайын жақсартып, жұмыс тиімділігін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Ербол Данағұлов «Әділет» партиясының бағдарламасында адам әлеуетін дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Бағдарламада еңбек адамын қолдау, аса қажет жұмысшы мамандықтарға ерекше көңіл бөлу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік стандарттар әзірлеу және өңір экономикасына сәйкес салалар бойынша мамандану мәселелері қарастырылған. Оның айтуынша, тұрғындардың нақты мәселелерін шешу – елдің орнықты дамуының берік негізі.
Кездесу соңында партия өкілі шаруашылық ұжымына ашық әрі мазмұнды диалог үшін алғыс айтып, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Шағын және орта бизнесті дамыту – ел дамуының негізі
Партияның Жамбыл облыстық сайлауалды штабының мүшелері Тараз қаласындағы «Салтанат» базарында сауда саласында еңбек етіп жүрген тұрғындармен кездесу өткізіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Экспромт форматында өткен жүздесу барысында партия өкілдері базардағы саудагерлермен және келушілермен тілдесіп, олардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Іс-шара аясында 100-ге жуық адам қамтылды.
Кездесу барысында тұрғындар сауда саласындағы жағдай, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, табысты арттыру және күнделікті тұрмысқа қатысты өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды.
Партия өкілдері азаматтарға «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, көтерілген сауалдарға жауап берді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың табысын арттыру және шағын және орта бизнестің әлеуетін күшейтуге бағытталған партия бастамалары түсіндірілді.
Партияның сайлауалды бағдарламасында экономикалық белсенді азаматтарға өз кәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту және шағын және орта бизнесті қолдау негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабының мүшелері мұндай тікелей кездесулер халықтың нақты сұранысын түсінуге, тұрғындардың ұсыныстарын жинақтауға және оларды партияның алдағы жұмысында ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жамбыл облысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өңір тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесулер форматында жалғасуда.