Алматы тауларында адасып қалған үш жасөспірім эвакуацияланды

Бүгін, 14:48 / Інжу Әлихан
ТЖМ

ТЖМ құтқарушылары Алматы тауларында адасып қалған үш жасөспірімді тауып, эвакуациялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Аюсай шатқалында Үлкен Алматы шыңынан түсіп келе жатқан үш жасөспірім бағытынан адасып, өздігінен төмен түсе алмаған. Олармен байланыс сақталып, геолокациясы анықталған.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖМ «Республикалық жедел-құтқару жасағы «Барыс» РММ құтқарушылары жұмылдырылды. Құтқарушылар Космостанциядан көрсетілген геолокация бағытына жаяу шығып, жасөспірімдерді Аюсай шатқалынан тапты.

Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оларды тау бағытымен Космостанцияға дейін алып түсіп, кейін қауіпсіз жерге жеткізді.

Жасөспірімдер аман-есен туыстарына тапсырылды.

ТЖМ таулы аймаққа шығар алдында маршруттың күрделілігін ескеріп, өз мүмкіндіктеріңізді объективті бағалауды, өзіңізбен бірге қуаты толық ұялы телефон мен жеткілікті мөлшерде су алып жүруді және жоспарланған маршрут туралы жақындарыңызға алдын ала хабарлауды ұсынады. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз.