Астанада жаттығу кезінде баланың үстіне футбол қақпасы құлап кеткен. Бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 10 тамызда болған. Алдын ала ақпарат бойынша, жаттығу кезінде футбол қақпасы баланың үстіне құлаған. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиға болған алаңды Қазақстан футбол федерациясы жекеменшік футбол мектебіне жалға берген. Жаттығуды да осы мектеп өткізген.
«Қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясы болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр. Федерация сондай-ақ барлық қажетті ақпаратты беруге және оқиғаның мән-жайын анықтауда құзырлы органдарға жәрдемдесуге дайын», – делінген хабарламада.