«Әділет» партиясы Теміртау, Алматы, Шымкент және Қызылорда жерінде еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесті

Бүгін, 12:00 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының кандидаттары Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларында және Қызылорда облысында ауыл тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жүздесулер барысында еңбек адамының мүддесін қорғау, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту, спорт пен ауыл шаруашылығын қолдау және азаматтардың ұсыныстарын ескеру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жұмысшы мүддесін қорғау – басты міндет

«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Вадим Басин мен Никита Шаталов және Қарағанды облыстық сайлауалды штабының мүшелері Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатының ЛПЦ-1 және АГП цехтарының еңбек ұжымымен сайлауалды үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Кездесу барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өнеркәсіп өндірісін дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және еңбек адамын қолдауға бағытталған бастамалар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және әлеуметтік кепілдіктерді нығайту мәселелері талқыланды.

– Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының негізін құрайды. Сондықтан өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту әрдайым назарымызда болады. Біз еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған нақты ұсыныстарды қолдаймыз, – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Никита Шаталов.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, өндірістегі заманауи технологияларды енгізу, кадр даярлау, әлеуметтік қолдау және жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Өз кезегінде кандидаттар қойылған сұрақтарға жауап беріп, партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген бастамаларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар қатысушыларды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырып, әр азаматтың дауысы маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында комбинат қызметкері Андрей Вишневский пікір білдірді.

– Бүгін өндіріс саласына қатысты көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, жұмысшылардың ұсыныстарын тыңдады. Осындай кездесулер еңбек ұжымының пікірін жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мен үшін еңбек адамының мүддесін қорғайтын бастамалар маңызды, – деді ол.

Метро мамандарының ұсыныстары ескерілмек

Алматының көлік инфрақұрылымын дамыту, метрополитен қызметінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ сала мамандарының еңбек жағдайын жақсарту мәселелері «Әділет» партиясы өкілдері мен Алматы метрополитені ұжымының кездесуінде талқыланды. Қаланың күнделікті тыныс-тіршілігінде маңызды рөл атқаратын метро жүйесін одан әрі дамыту мегаполис үшін стратегиялық маңызға ие.

Алматы метрополитені – қаланың көлік жүйесіндегі стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі. Метрополитен қызметін тәулігіне 100 мыңға жуық жолаушы пайдаланады. Метро жол-көлік инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, қоғамдық көлік жүйесін дамытуға ықпал етеді. Оның үздіксіз жұмысын машинистер, инженерлер, техникалық мамандар, диспетчерлер және басқа да қызметкерлер қамтамасыз етеді.

Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Сергей Пономарев, Бөріхан Нұрмұхамедов және Айжан Скакова, сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері Марк Бейдали, Бахтияр Камалов және Ержан Медеуов қатысты.

Кездесу барысында партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Еңбек адамының мәртебесін арттыруға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Ашық диалог барысында метрополитен қызметкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, еңбек жағдайын жақсарту, көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту және сала мамандарын қолдау бойынша ұсыныстарын білдірді.

«Алматы сияқты ірі мегаполис үшін тиімді әрі қауіпсіз қоғамдық көлік жүйесін дамыту - стратегиялық міндеттердің бірі. Метрополитеннің тұрақты жұмысы ең алдымен осы салада еңбек ететін мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан саланы одан әрі дамыту барысында қызметкерлердің ұсыныстарын естіп, олардың еңбек жағдайына қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмау маңызды», деді Құрылтай депутаттығына кандидат Сергей Пономарев.

«Әділет» партиясының өкілдері еңбек ұжымы тарапынан айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынып, партияның алдағы жұмысында ескерілетінін атап өтті.

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

Партияның Шымкент қалалық сайлауалды штабының мүшелері спорт саласының қызметкерлерімен кездесіп, бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерге қолайлы жағдай жасау және спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселелерін талқылады. Кездесуде партияның алдағы бес жылға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы әлеуметтік және спорт саласына қатысты негізгі бастамалар таныстырылды.

Жиынға ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар Бахадыр Нарымбетов пен Нұрлан Бекназаров, сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері Есімхан Бертаев, Бегайдар Төлегенов, Айғаным Мамырхан, Ерсайын Дөненбай және Арман Оспанов қатысты.

Жиында штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасындағы әлеуметтік бағыттарға да кеңінен тоқталды. Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Бекназаров алдағы бес жылға жоспарланған негізгі міндеттердің бірі – халықтың баспана мәселесін шешуге жағдай жасау екенін атап өтті.

«Қазір тұрғындарды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – баспана. Осы бағытта алдағы бес жылда 30 мың адамды апатты үйлерден көшіру және 3 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен бірге әрбір қазақстандықты орта есеппен 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсаты қойылған», – деді ол.

Өз кезегінде Бахадыр Нарымбетов халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі шарттарының бірі – тұрақты әрі лайықты табыс көзі екенін айтты. Оның сөзінше, партия бағдарламасында еңбек нарығын дамытуға және азаматтарға сапалы жұмыс орындарын ұсынуға бағытталған нақты мақсаттар бар.

«Алдағы кезеңде лайықты жалақысы бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Сонымен бірге азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да ауқымды міндеттер қойылған. Бұл бастамалардың барлығы азаматтардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», – деді Бахадыр Нарымбетов.

Сондай-ақ, спорт мамандары жаттығу залдары мен спорт алаңдарын жаңарту, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында спорттың қолжетімділігін арттыру және жаттықтырушылардың еңбегін ынталандыру мәселелерін көтерді.

Ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктер қажет

Құрылтай депутаттығына үміткерлер Мұрат Әбенов, Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы және Мағжан Ералиев Сырдария ауданындағы Бесарық пен Қоғалыкөл ауылдарында тұрғындарымен жеке жүздесіп, күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді талқылады. Кездесулер барысында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттар да таныстырылды.

Қоғалыкөл ауылында үміткерлер «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған Рүстемовтер отбасына арнайы барды. Отбасымен әңгіме барысында бала тәрбиесі, отбасы құндылықтарын сақтау, қоғамдық белсенділік және отбасыларды қолдау мәселелері сөз болды.

Ауылдағы кәсіпкерлік пен жастардың бастамалары да тұрғындар көтерген маңызды тақырыптардың қатарында. Жас кәсіпкерлер Мақаш Нұрбол мен Аида Нартайқызы өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауылда жеке кәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жастардың бастамаларына қолдау көрсету жөніндегі пікірлерін жеткізді.

Бесарық ауылында шаруа қожалығының өкілдерімен және еңбек адамдарының отбасыларымен кездесулер өтті. «Шыңғыс» шаруа қожалығының төрағасы Шыңғыс Сабыр және Гүлмира Сыздықбаева отбасымен болған әңгімеде ауыл шаруашылығының жайы, еңбек адамының рөлі және ауыл кәсіпкерлерін қолдау мәселелері талқыланды.

Білім саласының мәселелері де назардан тыс қалмады. Ауылда еңбек етіп жүрген жас отбасы Ғазиз Құламқадіров пен Ақжанат Өтеповамен кездесуде білім сапасы, жас мамандарды қолдау, ауыл жастарына мүмкіндік жасау және кәсіби дамуға жағдай қалыптастыру мәселелері қозғалды.

Осы кездесулерден байқалғаны – ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелер бір ғана саламен шектелмейді. Бір отбасын бала тәрбиесі мен әлеуметтік қолдау мәселесі алаңдатса, жас кәсіпкерлер үшін бизнесті дамыту мен жаңа мүмкіндіктер маңызды. Шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығының жағдайын сөз етсе, жас мамандар білім сапасы мен кәсіби дамуға қажетті жағдайды көтереді.

Үміткерлердің айтуынша, тұрғындармен тікелей жүздесу жергілікті жердегі нақты мәселелерді зерделеп, азаматтардың ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік береді.