Ақтөбе облысы Қобда ауданы Терісаққан ауылында кәсіпкер ауыл тұрғындарына жұмыс пен баспана ұсынып, елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып келеді. Соңғы жылдары ауылға шамамен 60 адам қайта оралып, қоныс аударған. Бұл ретте жергілікті шаруашылықтың дамуы мен жұмысшыларға үй салу жобасының маңызы зор, деп хабарлайды turkystan.kz.
Терісаққан ауылының тумасы Ерлан Қаспақов тоғыз жыл бұрын «Терісаққан-2017» ЖШС құрған. Бүгінде кәсіпорын - ауданның ірі мал шаруашылығы қожалықтарының бірі. Мұнда ірі қара, жылқы және қой өсіріледі.
Осы уақыт аралығында шаруашылық мал басын көбейтіп, өндіріс көлемін арттырған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылған. Қазір кәсіпорында 30 адам еңбек етеді.
Алайда Ерлан Қаспақов үшін кәсіпті дамыту өндірістік көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Кәсіпкер ауылдың болашағын жұмыспен қамту, тұрғын үй және әлеуметтік жағдай мәселелерімен тікелей байланыстырады.
«Ауылды сақтап қалғымыз келсе, адамдарға өмір сүруге жағдай жасауымыз керек. Адамға жұмыс, баспана және отбасының болашағына деген сенім маңызды»,— дейді Ерлан Қаспақов.
Терісаққан — шағын болғанымен, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан елді мекен. Ауылда 147 үйде 646 адам тұрады. Екі жыл бұрын апатты жағдайдағы ескі ғимараттың орнына жаңа мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар балабақша, Мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт, кітапхана және клуб жұмыс істейді.
Дегенмен көптеген шағын елді мекен секілді Терісаққан да тұрғындардың қалаға көшуі мәселесіне тап болған. Сондықтан жергілікті шаруашылықтың негізгі бағыттарының бірі — қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету.
Бірнеше жыл ішінде «Терісаққан-2017» ЖШС 12 үй салған. Қазір оның сегізіне отбасылар қоныстанған, тағы төрт үйге тұрғындар жақын уақытта көшіп кірмек.
Үйлерде жайлы өмір сүруге қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған. Әр үйде төрт тұрғын бөлме, ішкі санитарлық торап, су құбыры және газбен жылыту жүйесі бар.
Кәсіпкер алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жаңа қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Мұндай қолдаудың ауыл өміріне әсері де байқалады. Ерлан Каспаковтың айтуынша, соңғы уақытта Терісаққанға шамамен 60 адам қайта оралып, қоныс аударған.
«Адамның тұрақты жұмысы мен баспанасы болса, оның болашағына деген сенімі артады. Бұл әсіресе жас отбасылар үшін маңызды. Біз адамдардың туған ауылынан кетпей, осында еңбек етіп, бала тәрбиелеп, өз болашағын құруына жағдай жасағымыз келеді», - дейді кәсіпкер.
Кәсіпорын ауылды абаттандыру жұмыстарына да белсенді қатысады. Қазір Терісаққанда жаңа сквер салынып жатыр. Оны салуға «Терісаққан-2017» ЖШС 60 миллион теңге бөлген.
Жаңа демалыс орны абаттандырылып, көгалдандырылады және жарықтандырылады. Мұнда балалар алаңы, воркаут аймағы, демалыс орындары және мерекелік іс-шаралар өткізуге арналған киіз үй бой көтереді.
«Скверді бүкіл ауыл болып салып жатырмыз. Оған тұрғындар да, шаруашылық жұмысшылары да атсалысуда. Адамдардың отбасымен бірге жиналып, мереке өткізіп немесе кешкі уақытта серуендейтін орны болғанын қалаймыз», — дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпкердің тағы бір жобасы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне бағытталған. Биыл Терісаққанда төрт ауылдық округке қызмет көрсететін өрт сөндіру бекеті ашылды. Шаруашылық бекетке күрделі жол жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы техника — қарда жүретін көлік пен жол талғамайтын көлік сатып алып берген.
Жаңа техника құтқарушылардың төтенше жағдай орнына тезірек жетуіне мүмкіндік береді. Әсіресе қарлы боран, қолайсыз ауа райы және жолсыз жерлерде оның маңызы жоғары.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қобда ауданына жұмыс сапары барысында Терісаққан ауылына барып, «Терісаққан-2017» ЖШС-нің жұмысымен және елді мекендегі әлеуметтік жобалармен танысты.
Өңір басшысы шаруашылықтың ауыл тұрғындарын қолдауға және елді мекенді дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті.
«Мұндай мысалдар шағын елді мекендердің болашағы мемлекеттік бағдарламаларға ғана емес, өз жерінде еңбек етіп, оның дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың бастамасына да байланысты екенін көрсетеді», — деді Асхат Шахаров.
Терісаққандағы тәжірибе ауылды дамыту тек жаңа нысандар мен техниканың пайда болуымен шектелмейтінін көрсетеді. Тұрақты жұмыс, баспана және қолайлы орта тұрғындардың туған жерінде қалуына мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде ауылдан қалаға бағытталған көші-қонның кері бағытын қалыптастыруға ықпал етеді.