«Енді жұмыс адамды өзі табады»: Асқарбек Ертаев жаңа сервис іске қосылғанын мәлімдеді

Бүгін, 11:16 / Алуа Арман
Ukimet

Қазақстанда жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі енгізілуде, мақсаты – жұмыспен қамтуды проактивті қамтамасыз етуге көшу, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Жаңа модельдің негізгі қағидаты: жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады. Жүйе жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде жұмысқа мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Содан кейін оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен СМС түрінде тиісті хабарламалар жібереді.

Жасанды интеллект азаматтың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, өңір ішінде де, одан тыс жерде де, шетелдегі бос жұмыс орындарын қоса алғанда, персоналдандырылған жұмыс орындарын іріктейді. Сонымен қатар азаматтарға оқытк курсынан өту және қайта даярлау, қоныс аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Нәтижесінде азаматқа тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу көрсетіледі.

Шілде айында сервис Павлодар облысында енгізілді. Жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың СМС-хабарлама жіберілді. Бұл кезеңде өңірде 962 адам жұмысқа орналасты. Қыркүйек айында сервисті Маңғыстау облысында енгізу жоспарлануда. Жылдың соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңіріне ауқымды түрде енгізіледі. Осыған ұқсас сервис азаматтарға Aitu мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді болады.

Тэгтер:

жұмыс министр сервис Асқарбек Ертаев