Досының тойын бас-аяғына дейін ыммен жеткізген жігіт көпті таңғалдырды (ВИДЕО)

Бүгін, 10:59 / Інжу Әлихан
Скриншот

Әлеуметтік желіде досының үйлену тойын ым тіліне аударған жігіттің видеосы көптің жүрегін елжіретті. Аталған бейнежазбаны желіге мерекелік кештің жүргізушісі Ескендір Ыбрай жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жас жұбайлардың екеуі де – туғаннан есту қабілетінен айырылған жандар. Бейнежазбада тойға келген достарының арасында да есту қабілеті бұзылған қонақтар болғанын байқауға болады.

Күйеу жігіттің досы той бойы айтылған тілектер мен сөздерді ым тіліне аударып отырған. Осылайша, есту қабілеті бұзылған достары да тойдағы әрбір сәттен тыс қалмай, айтылған тілектер мен жылы лебіздерді түсініп, қуанышты бірге бөліскен. Кеш барысында асаба ым тіліне аударып отырған жігіттің есімі Ғаламат екенін айтты.

Оның бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп, көпшілікке достық пен жанашырлықтың әдемі үлгісін көрсетті.

«Жарайсың!», «Тек қана алғыс», «Ғаламат деген есімі де ғаламат екен. Аты затына сай. Ғажап», «Мықты дос деген атқа лайық», «Жылап қалдым ғой», «Нағыз дос», – деп жазды желі қолданушылары. 

Тэгтер:

той дос ым тілі Ғаламат