Қостанай прокурорлары 103 млн теңгені алаяқтардан аман алып қалды

Бүгін, 10:00 / Алуа Арман
istockphoto.com

Интернет-алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануда. Олар өздерін банк, мемлекеттік орган немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды ақшаларын өз еркімен аударуға көндіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері Қостанай облысы прокуратурасының, полицияның, «Қазақтелеком» АҚ-ның және екінші деңгейлі банктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде 103 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз иемденілуіне жол берілмеді.

Тиімді құралдардың бірі – прокуратураның бастамасымен құрылған антифрод-колл-орталықтар. Алаяқтық әрекеттері туралы ақпарат түскен жағдайда операторлар азаматтарға дереу хабарласып, қауіп туралы ескертеді. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, алдын алу шараларын жүргізеді.

Мәселен, алаяқтар өзін салық органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелді қаражатын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болған. Құқық қорғау органдарының дер кезінде араласуының арқасында әйелдің жинаған қаражаты сақталып қалды.

Облыс прокуратурасы азаматтарды сақ болуға шақырады: банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және құпиясөздерді бөгде адамдарға хабарламаңыздар, бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыздар. Күмән туындаған жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, банкке өзіңіз хабарласыңыз немесе полицияға жүгініңіз.

Тэгтер:

Алаяқ Қостанай прокурор