Ақтөбеде телефонды донерге жасырып, сотталған адамға кіргізбек болған азамат ұсталды

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 мекеме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсіби әрекеттерінің арқасында тыйым салынған заттарды алып кіруге жасалған екі әрекеттің жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылғы 10 тамызда «Тосқауыл» режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеменің режим және жедел бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру шараларының кешенін жүргізді.

Тексеру барысында сағат 15:50 шамасында мекеме қызметкерлері «Строй-Проф» ЖШС жүргізушісі, С.Т. азаматының шалбарының қалтасынан 20 000 теңге көлеміндегі ақша қаражатын анықтап, тәркіледі. Оның ішінде номиналы 10 000 теңгелік екі банкнот болған.

Кейін, сағат 16:30 шамасында А.С. азаматы жеткізген сәлемдемені тексеру кезінде қызметкерлердің мұқияттылығының арқасында азық-түлік өнімдерінің арасында болған донердің ішінен сотталған адамға беруге арналған ұялы телефон анықталып, тәркіленді.

Аталған факті бойынша А.С. азаматына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.

Бұл фактілер қызметтік міндеттерін орындау барысында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жоғары қырағылығы, мұқияттылығы мен кәсібилігінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Мекеме басшылығы азаматтарды ҚАЖ мекемелеріне бару кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады және ескертеді: сотталған адамдарға тыйым салынған заттарды беруге жасалған әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Тэгтер:

Ақтөбе телефон донер