Колумбияда жойқын зілзала болып, 47 адам қаза тапты

Бүгін, 23:08 / Жамбыл Жайлау
shutterstock.com

Колумбияның батысында магнитудасы 7,4 болатын күшті жер сілкінісі болып, соңғы мәлімет бойынша кемінде 47 адам көз жұмды. Бұл елде кейінгі он жылда тіркелген ең жойқын зілзалалардың бірі болып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жер сілкінісінің ошағы Боготадан батысқа қарай шамамен 400 шақырым жердегі Сан-Хосе-дель-Пальмар ауданында, 107 шақырым тереңдікте орналасқан. Жерасты дүмпулері көршілес Эквадор мен Панамада да сезілген.

Табиғи апат салдарынан 20-дан астам муниципалитет зардап шекті. Ең көп шығын Перейра, Кибдо, Кали және Манисалес қалаларында тіркелген.

Алдын ала дерек бойынша, Перейрада 18 адам, Манисалесте 2 адам, ал Валье-дель-Каука департаментінде, оның ішінде Кали қаласында 27 адам қаза тапқан. Марқұмдардың арасында кемінде үш бала бар.

Екі миллионға жуық тұрғыны бар Кали қаласында 19 ғимарат қирап, бірнеше адам үйінді астында қалған. Перейра әуежайында төбе жабындылары құлап, бірқатар әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылған.

Манисалес қаласында тарихи собордың мұнарасы опырылып түскен.

Қазіргі уақытта құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар үйінділерді тазалап, жоғалғандарды іздеу және аман қалғандарды құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Негізгі жер сілкінісінен кейін магнитудасы 2,8-ден 4,8-ге дейін жеткен бірнеше афтершок тіркелген.

Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарын жеке бақылауына алған. Сонымен қатар АҚШ пен аймақтағы бірқатар мемлекет Колумбияға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.

Тэгтер:

Колумбия