Абай облысының прокурорлары «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 80 қызметкерінің құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бородулиха ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты қызметкерлерінің еңбек құқықтарының бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, жалақының ұзақ уақыт бойы төленбегені белгілі болды.
Аудандық интернет-платформалардың бірінде кәсіпорын жұмысшыларына еңбекақы төлеу мерзімдерінің кешіктірілгені туралы жарияланым орналастырылған. Осы ақпарат негізінде прокуратураға ресми өтініштер келіп түспегеніне қарамастан, аудан прокуратурасы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына бастамашылық тәртіппен талдау жүргізді.
Тексеру нәтижесінде филиалдың 80 қызметкері алдында жалпы сомасы 41 млн теңгеден асатын жалақы бойынша берешек қалыптасқаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жалақы бойынша берешек толық көлемде өтеліп, филиал басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 80 қызметкердің еңбек құқықтары қалпына келтіріліп, оларға тиесілі еңбекақы толық көлемде төленді.
Облыс прокуратурасы азаматтарды еңбек заңнамасының бұзылу фактілері, оның ішінде жалақы төлеудің кешіктірілуі туралы уақтылы хабарлауға шақырады. Ол үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратура органдарына жүгіну қажет. Бұл бұзылған құқықтарды жедел қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.