Respublica партиясы Жетісудағы «Ажар» тігін фабрикасының қызметкерлерімен пікір алмасты

Бүгін, 23:01 / Інжу Әлихан
Respublica партиясы

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Жетісу облысындағы жұмысын Талдықорған қаласындағы «Ажар» тігін фабрикасының еңбек ұжымымен кездесуден бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ажар» – өңірдегі ірі тігін кәсіпорындарының бірі. Бұған дейін фабрика өнімдері Кеңес Одағының 15 республикасына жөнелтілсе, бүгінде кәсіпорын ірі ұйымдарға арналған арнайы киімдер мен түрлі тігін өнімдерін шығарады.

Кездесу барысында Respublica партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары еңбек ұжымының ұсыныстарын тыңдап, жалақы, еңбек жағдайы және отандық өндірісті дамыту мәселелерін талқылады.

Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова Respublica партиясы фракциясының соңғы үш жарым жылдағы жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, Respublica партиясының депутаттары еліміздің барлық өңірінде 400-ден астам кездесу өткізіп, 700-ден аса депутаттық сауал жолдаған.

Соның нәтижесінде мектептердегі тамақтану сапасын жақсарту, Жетісу облысындағы туризмді дамыту және өңірге қосымша қаржы тарту мәселелері көтеріліп, бірқатар шешімдер қабылданған.

Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Максим Барышев Respublica партиясының депутаттары соңғы үш жылда 300 заң жобасы аясында 3000-нан астам түзету ұсынғанын айтты.

Кездесуде Respublica партиясының еңбек адамының жағдайын жақсартуға, өндіріс шығындарын азайтуға және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұсыныстары да таныстырылды. Атап айтқанда, жалақы қорына түсетін жиынтық жүктемені 40 пайыздан 20 пайызға дейін, ал корпоративтік табыс салығын 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Respublica партиясы өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар өндірісті дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Respublica партиясының өкілдері кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелерді алдағы жұмыс барысында ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, Respublica партиясы еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында өндіріс, кәсіпкерлік, еңбек жағдайы және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылауды жалғастыруда.

Тэгтер:

Respublica партиясы