Биыл 2 мыңнан астам этникалық қазақ мемлекеттік білім грантына ие болды

Бүгін, 16:20 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

2026–2027 оқу жылында этникалық қазақтарға арналған 4% мемлекеттік білім беру квотасы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарына 2 378 талапкер қабылданды. Биыл этникалық қазақтарға арналған квота бойынша 2 497 мемлекеттік грант бөлінді. Оның 95,2%-ы игеріліп, 2 378 талапкер грант иегері атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отандастар қорының мәліметінше, 2026 жылы 4% квота бойынша бөлінген 2 497 гранттың 2 378-і игерілді. Бұл көрсеткіш квота тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр. Бөлінген орындардың басым бөлігі техникалық, жаратылыстану-математикалық және педагогикалық бағыттарға тиесілі.

Соңғы жылдары 4% квота бойынша грант иеленген этникалық қазақ санының тұрақты өсуі байқалады. 2022 жылы игерілу деңгейі 22,40%-ды ғана құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 69,35%-ға дейін артты. Грант иеленгендердің абсолютті саны 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсті.

Игерілу көрсеткішінің артуы – соңғы жылдары қабылданған нақты шаралардың нәтижесі. 2023 жылға дейін бөлінген гранттардың игерілу деңгейі 40%-ға да жетпейтін. Оның басты себептері – шетелдегі қандастар тұратын елдерде қазақ тілінде толыққанды орта білім беретін мектептердің тапшылығы, білім беру бағдарламаларының сәйкессіздігі, Қазақстан тарихы пәнінің шетелде оқытылмауы, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) барлық пәннен шекті балл жинау талабы еді.

«Отандастар қоры» КеАҚ бұл мәселені бірнеше жыл бойы жүйелі түрде көтеріп келді. Отандастар қорының және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жұмыс тобының үйлесімді әрекеті нәтижесінде 2024 жылы маңызды нормативтік өзгеріс қабылданды: этникалық қазақтар үшін әр пән бойынша шекті балл талабы алынып тасталды.

2025 жылдан бастап талапкерлер тек үш пәннен – оқу сауаттылығы және екі бейінді пәннен тест тапсыратын болып белгіленді. Осы жеңілдіктердің нәтижесі бірден байқалды: егер 2023 жылы небәрі 801 этникалық қазақ грант иегері атанса, 2024 жылы бұл сан екі есеге жуық өсіп, 1 604-ке жетті, ал 2025 жылы 2 138-ге дейін артты. 2026 жылы бөлінген гранттың 95,2%-ы игеріліп, 2 378 этникалық қазақ грантпен оқуға түсті.

Қабылданған іс-шаралар этникалық қазақтардың тарихи Отанында сапалы жоғары білім алу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. «Отандастар қоры» алдағы уақытта да этникалық қазақстардың білім алуына жәрдемдесу, олардың бейімделуі мен ел игілігіне қызмет етуі үшін қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Тэгтер:

Қандас Грант