Абайдың өлеңдерінен өмірлік сабақ аламын – Ұлттық ұлан сарбазы

Бүгін, 16:23 / Алуа Арман

Әскери өмірді көпшілік темірдей тәртіппен, қару-жарақпен, сап түзеген сарбаздармен байланыстырады. Алайда әскери бөлімнің сапында тек қару ұстап қана қоймай, қолынан қаламын тастамайтын, жүрегінде поэзияға деген шексіз махаббатты сақтап жүрген жастар да бар. Олар үшін әскери қызмет – тек Отан алдындағы борыш емес, рухани кемелденудің, өзін-өзі тәрбиелеудің үлкен мектебі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осындай руханият пен әскери өмірді қатар алып жүрген жастардың бірі – 5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ернұр Рустамов. Ол Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін сүйіп оқиды, көптеген шығармаларын жатқа біледі. Ең қызығы – өзі де өлең жазады.

Ернұр 2008 жылдың 23 мамырында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бүгінде әскери борышын абыроймен атқарып жүрген жас сарбаздың шығармашылық әлемі де бай. Қазіргі таңда оның жиырмаға жуық авторлық өлеңі бар. Туындыларының өзегінде махаббат, анаға деген құрмет, сағыныш, өмір мен адам жанындағы нәзік сезімдер көрініс табады.

Әдебиетке деген қызығушылығы оның бала күнінен басталған. Мектепте қазақ әдебиеті пәнін ерекше жақсы көріп, көркемсөз оқу байқауларына жиі қатысқан. Сол кезеңде ұлы ақынның шығармалары жасөспірім Ернұрдың дүниетанымын өзгертті.

– Бала кезден қазақ әдебиетін сүйіп оқыдым. Түрлі байқауларға қатысып, тәжірибе жинадым. Сол уақыттан бастап Абай шығармаларына деген қызығушылығым арта түсті. Оның әр өлеңінен, әр қара сөзінен жаңа ой, жаңа өмірлік сабақ табатынмын, – дейді сарбаз.

Ернұр үшін Абай – әдебиет тарихындағы ұлы ақын ғана емес, қазақ халқының рухани темірқазығы.

– Абай – халықтың көзін қараңғылықтан ашқан ұлы ұстаз. Оның қара сөздерінен жігер алып өстім. Әр оқыған сайын жаңа қырын ашамын, – дейді ол.

Әскери өмірдің қарбаласы оның кітапқа деген сүйіспеншілігін бәсеңдеткен емес. Қайта тәртіпке толы күндердің арасында кітап оқуға уақыт тауып, Абайдың шығармаларын қайта парақтауды әдетке айналдырған. Кейде дәл сол сәттерде шабыт келіп, өзінің де жүрек сырын өлең жолдарына түсіреді.

– Өлеңді жай ғана ұйқастырылған сөз деп қабылдамаймын. Ол – адамның ішкі жан дүниесінің үні. Кей кезде шабыт келгенде қолыма қалам алып, көңілдегі сезімдерді қағазға түсіремін, – дейді Ернұр.

Жас сарбаздың айтуынша, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Әсемпаз болма әрнеге» секілді шығармалары бүгінгі жастар үшін бұрынғыдан да өзекті. Өйткені олар адамды білімге ұмтылуға, еңбекқорлыққа, адалдық пен ізгілікке тәрбиелейді.

– Егер осы шығармалар жазылмағанда, көптеген жастардың ғылым мен білімге деген көзқарасы басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Абайдың әр шығармасы – бүгінгі күнге де арналған өмірлік бағдар, – дейді ол.

Әскери өмір сырт көзге қатаң тәртіп пен тынымсыз дайындықтан тұратындай көрінеді. Алайда сол қарбалас күндердің өзінде Ернұр кітапқа қол созуға уақыт табады. Бос сәттерін Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқуға арнайтын ол, ұлы ойшылдың әр шығармасынан әскери қызметпен астасып жатқан өмірлік қағидаларды көреді. Оның айтуынша, тәртіп, сабыр, жауапкершілік, адалдық пен өзін-өзі жетілдіру секілді қасиеттерді Абай осыдан бір жарым ғасыр бұрын-ақ қара сөздерінде терең зерделеп кеткен.

Әскерге келгенде жауапкершіліктің, тәртіптің, сабырдың қандай маңызды екенін тереңірек түсіне бастадым. Сол кезде Абайдың қара сөздері де мүлде басқа қырынан ашылды, – дейді ол.

Ұлы ойшылдың Отыз екінші қара сөзіндегі «Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар: бірі – зерделеу, екіншісі – есте сақтау» деген пайымы Ернұрдың өмірлік қағидасына айналған. Оның түсінігінде білім – тек кітап беттеріндегі дерек емес, күнделікті өмірден түйгенді ой елегінен өткізіп, оны жадыда сақтап, тәжірибемен ұштастыра білу өнері.

– Әскерде әр күн жаңа сабақ. Тек әскери істі ғана емес, адаммен қарым-қатынас жасауды, сабыр сақтауды, жауапкершілікті үйренесің. Абай айтқандай, алғаныңды көңілге тоқып, оны өмірде қолдана білу маңызды, – дейді жас сарбаз.

Ұлы ойшылдың Отыз екінші қара сөзіндегі «Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар: бірі – зерделеу, екіншісі – есте сақтау» деген пайымы Ернұрдың өмірлік қағидасына айналған. Оның түсінігінде білім – тек кітап беттеріндегі дерек емес, күнделікті өмірден түйгенді ой елегінен өткізіп, оны жадыда сақтап, тәжірибемен ұштастыра білу өнері.

– Әскерде жаңа ортаға бейімделесің, жаңа адамдармен танысасың. Әр күннің өз әсері бар. Сол әсерлердің бәрі бір күні өлең болып қағазға түседі, – дейді жас ақын.

Қазір оның қоржынында жиырмаға жуық туынды бар. Соның ішінде өзіне ең жақыны – алғашқы жазған өлеңі.

– Алғашқы өлеңім «Ғашықпын, бірақ оны айта алмаймын» деп аталады. Бір қызды ұнатып, сезімімді жеткізе алмаған кезде туған шығарма болғандықтан, мен үшін орны ерекше, – деп еске алады Ернұр.

Әскери қызмет пен Абай мұрасы бір қарағанда екі бөлек әлем секілді көрінгенімен, олардың түйісер тұсы көп. Тәртіп, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, өзін-өзі тәрбиелеу – мұның бәрі ұлы ақын насихаттаған қасиеттер. Ернұр осы құндылықтарды әскери өмірде күн сайын сезініп, бойына сіңіріп келеді.

Бүгінде әскери бөлімде ел тыныштығын күзетіп жүрген жас жауынгердің қолында – қару, жүрегінде – Абайдың сөзі, ал жан дүниесінде – ақындыққа деген адал сезім бар. Осындай жастар барда ұлттық руханияттың тамыры үзілмейтіні анық.

5573 әскери бөлімінің тілшісі, лейтенант Әйгерім Балтабаева

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз Абай өлеңдері