Ақмола облысында борышкерлерден 8,4 млн теңге алимент өндірілді

Бүгін, 16:02 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облысының Ақкөл аудандық прокуратурасы жеке сот орындаушысының өндірісіндегі алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуына талдау жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылдың өткен кезеңінде жеке сот орындаушысының өндірісінде жалпы сомасы 11,6 млн теңгеден асатын 292 атқарушылық құжат болған.

Талдау нәтижесінде жекелеген атқарушылық іс жүргізулер бойынша борышкерлердің кәмелетке толмаған балаларын асырау жөніндегі міндеттерін орындауға нақты мүмкіндігі бола тұра, алиментті уақтылы төлемегені анықталды. Сонымен қатар, жеке сот орындаушысы алимент берешегін өндіру бойынша заңнамада көзделген шараларды толық көлемде қабылдамаған.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 8,4 млн теңгеден астам (72,4%) алимент берешегі өндірілді. Заң талаптарын тиісінше орындамағаны үшін жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Бұдан бөлек, борышкер А. алимент төлеу міндетін орындамағаны үшін бұған дейін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Алайда, осыған қарамастан сот шешімін орындаудан жалтаруын жалғастырғандықтан, оған қатысты қылмыстық іс тіркелді. Кейіннен тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуы қамтамасыз етіліп, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары қорғалды.

Тэгтер:

алимент