Италияның Сицилия аралы жағалауында істен шыққан моторлы қайықтан теңізге лақтырылған 665 мың еуроқолма-қол ақша табылды. Қаражат су өтпейтін қаптамаларға салынып, бірнеше бумаға бөлінген. Оқиға бойынша Рагуза прокуратурасы тергеу бастады, деп хабарлайды , деп хабарлайды turkystan.kz RaiNews-ке сілтеме жасап.
Оқиға 29 шілдеде Рагуза провинциясындағы Санта-Кроче-Камерина қаласына қарасты Казуцце жағажайының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Мальтадан келген моторлы қайықтың жанармайы таусылып, жағалауға жақын жерде қозғалыссыз қалған. Қайықтағы адамдар құтқарушылардан өздері көмек сұрамаған.
Теңіздегі бақылаусыз қалған қайықты жағажайдағы демалушылар байқап, жағалау күзетіне хабар берген. Екі жолаушы жағаға шығып кеткен, ал тағы бір адам қайықта қалған.
Жағалау күзетінің катері жақындап келе жатқан кезде қайықта қалған адам бірнеше мөрленген буманы теңізге лақтырған. Оларды әскери қызметкерлер демалушылардың көмегімен судан алып шыққан. Қаптамалар ашылғанда ішінен әртүрлі номиналдағы еуро банкноттары табылған.
Бастапқы хабарламаларда табылған қаражат көлемі 500 мың еуроға жуық деп көрсетілген. Кейін ақшаны толық санағаннан кейін оның жалпы сомасы 665 мың еуро екені анықталды. Rai News бұл соманы шамамен 700 мың еуро деп дөңгелектеп көрсеткен.
Тергеу мәліметі бойынша, қайықта Мальтаның үш азаматы болған. Олардың екеуі көмек іздеу үшін жағаға шыққан, үшіншісі қайықта қалып, ақша салынған бумаларды суға тастаған деген болжам бар. Үшеуінің де жеке басы анықталып, іс материалдары Рагуза прокуратурасына жіберілді.
Прокуратура моторлы қайық пен табылған ақшаны тәркілеуге шешім шығарған. Қазір тергеушілер 665 мың еуроның қайдан шыққанын, кімге тиесілі болғанын және қандай мақсатта Мальтадан Италияға жеткізілгенін анықтап жатыр. Әзірге қаражаттың қылмыстық жолмен алынғаны жөнінде түпкілікті қорытынды жарияланған жоқ.
Рагуза маңындағы Мальта бағыты қаржы органдарының бақылауындағы аймақтардың бірі. Мәселен, биыл Позцалло портында шекарадан декларациясыз өткізілмек болған қолма-қол ақшаның жалпы көлемі шілде айының соңына қарай 839 мың еуродан асқан. Бұдан бөлек, 24 шілдеде Мальтаға бара жатқан көліктен алтын құймалар, зергерлік бұйымдар мен қымбат сағаттар тәркіленген. Бұл оқиғалардың 665 мың еуро табылған іспен байланысы бар екені дәлелденген жоқ.