Алматы облысындағы тауда аяғын қайырып алған турист құтқарылды

Бүгін, 15:48 / Інжу Әлихан
ТЖМ

Алматы облысының Қарасай ауданында, шамамен 2650 метр биіктіктегі Терра алаңы маңында бір топ турист қыз көмекке жүгінді. Таудан түсу кезінде қыздардың бірі аяғын қайырып алып, өздігінен қозғалысын жалғастыра алмаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құтқару операциясын жүргізуге ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ-нің және Алматы қаласы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары тартылды. Құтқарушылар зардап шеккен туристке жаяу жетіп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті және төменге тасымалдады.

Аяқ сынуы және кеуде қуысының соғылуы алдын ала диагнозы қойылған зардап шеккен турист таулы аймақтан аман-есен эвакуацияланып, одан әрі тексеру жүргізу және қажетті медициналық көмек көрсету үшін Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырылды.