«Ақ жол» партиясының кандидаттары Астанадағы Өнер музейінің ұжымымен кездесті

10 тамыз, 2026 / Алуа Арман
"Ақ жол" партиясының сайты

«Ақ жол» демократиялық партиясының Астана қалалық сайлауалды штабы Өнер музейінің ұжымымен кездесу өткізді. «Ақ жол» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер Ғани Хамзин мен Мейрамгүл Қабдығалиева мекеме қызметкерлерімен әңгіме өрбітті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мейрамгүл Қабдығалиева жиналғандарға «Ақ жол» партиясының құрылу тарихы мен заң шығару бастамалары туралы айтып берді. Сондай-ақ ол «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын – ипотеканы субсидиялау, Салық кодексін реформалау және кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелерін таныстырды.

Өз кезегінде Ғани Хамзин «Ақ жол» партиясының бағдарламасындағы «Демократия және парламентаризм» бөліміне кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, әділ сайлау – халық билігінің алтын діңгегі. Осы орайда «Ақ жол» партиясы сайлау жүйесіне түбегейлі реформа ұсынып отыр. Атап айтқанда, дауыс беру күні учаскелердегі барлық процесті бейнебақылауға алу және дауыс санау кезінде әрбір бюллетеньді камераға ашық көрсету қажет. Бұл қадам бүкіл елге сайлау барысын бақылауға мүмкіндік беріп, нәтижеге деген қоғам сенімін арттырмақ.

Бұдан бөлек, Хамзин парламенттік тергеу институтын заң деңгейінде бекіту және Үкімет резервінің үлгісімен Парламенттің арнайы қаржылық резервін құру бастамаларын алға тартты. Мұндай тетіктер Құрылтайға бюрократиялық кедергілерді күтпей-ақ, сайлаушылардың өзекті мәселелерін жедел шешуге жол ашады.

«Бұл шаралардың барлығы билікті барынша ашық, халық алдында есеп беретін және қоғам мүддесіне қызмет ететін институтқа айналдыруды көздейді», – деп атап өтті Ғани Хамзин.

Еркін пікіралмасу форматында өткен кездесуде «Ақ жол» партиясының кандидаттары музей қызметкерлерінің сауалдарына жауап беріп, оларды толғандырған түйткілдерге құлақ асты. Сондай-ақ Құрылтайға өткен жағдайда «Ақ жол» партиясының аталған бағыттардағы жүйелі жұмысты жалғастыратыны айтылды.

Тэгтер:

сайлау үміткер Құрылтай кандидат Ақ жол партиясы