Алматыда университеттер арасында шахматтан 2026 жылғы командалық әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. Бірінші орынды Ural State Mining University командасы иеленсе, екінші орынға АҚШ-тың Saint Louis University командасы жайғасты. Ал тартысты бәсекеде қола жүлдені елордалық Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) командасы жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, үшінші орын үшін өткен матч ең тартысты әрі эмоцияға толы болды. KNUS те, University of Texas at Dallas командасы да өз позицияларын бермеді.
Алғашқы матч америкалықтардың пайдасына 2,5:1,5 есебімен аяқталды. Гроссмейстер Қазыбек Нөгербек Самант Адитьямен тең түсті. Халықаралық шебер Арыстан Исанжұлов Яир Парховты жеңді. Ал халықаралық шебер Меруерт Камалиденова Кустав Чаттерджи және Әлішер Мәжкенов әйелдер арасындағы гроссмейстер Мэли-Жад Уэллемен өткізген партияларында жеңіліп қалды.
Екінші матчта есеп дәл осындай — 2,5:1,5 болды, алайда бұл жолы қазақстандық команда жеңіске жетті. KNUS құрамасына бір ұпайдан Арыстан Исанжұлов пен Меруерт Камалиденова әкелсе, Қазыбек Нөгербектің тең ойыны тағы жарты ұпай қосты.
Қазақстандық және америкалық командалар тай-брейкке шықты. Ол 3+2 уақыт бақылауымен өтетін бір блиц партиясынан тұрды.
Бұл кезең Қазыбек Нөгербек үшін аса күрделі болды. Оның Самант Адитьямен партиясы соңғы болып аяқталды. Сол сәтте University of Texas at Dallas командасы екі ұпай жинап қойған еді. Матчтағы есепті теңестіріп, қола жүлдеге талас мүмкіндігін сақтап қалу үшін Қазыбекке тек жеңіс қажет болды. Ол бұл міндетті орындап, блицтегі есеп 2:2 болды.
Үшінші орынның тағдыры «армагеддонда» шешілді.
«Армагеддонда» әр командадан бір шахматшы ойнады. Жеребе нәтижесінде командалардың бірінші тақтадағы өкілдері — Қазыбек Нөгербек пен Самант Адитья кездесті. Партия қазақстандық шахматшының жеңісімен аяқталды.
«Әрине, өте қиын болды. Мен тек өз командам мен университетім үшін ғана емес, бүкіл еліміздің атынан ойнап жатқанымды түсіндім. Сондықтан қатты қобалжыдым. Бізге жаттықтырушымыздың жанымызда болғаны, ал бүгін ректорымыздың да келгені үлкен қолдау болды. Біз жеңіске жетуді қатты қаладым және командаластарымның әрқайсысы өз үлесін қосты. Мотивация өте жоғары болды.
Мұнда барлық қарсылас өте мықты — әлемнің үздік университеттері мен сол жерде оқитын ең мықты шахматшылар жиналды. Тіпті ойнау оңайырақ көрінген партиялардың өзінде бір сәтке де босаңсуға болмайды: кез келген қарсылас тосынсый жасай алады. Сондықтан әр партияда бар күшімізді салуға тырыстық.
Шешуші партияларға келсек, маған тәжірибем көмектесті. Өмірімде армагеддон мен блицті көп ойнадым, сондықтан қатты қобалжымауға тырыстым», — деді гроссмейстер Қазыбек Нөгербек.
Бірінші орын үшін өткен екі матч та 2,5:1,5 есебімен FIDE Ural State Mining University өкілдерінің пайдасына аяқталды.
Гроссмейстер Арсений Нестеров гроссмейстер Арьян Чопрамен екі рет тең түсті. Сондай-ақ гроссмейстер Рудик Макарян мен Бхарат Субраманиам арасындағы, Сергей Лобанов пен Николози Качарова арасындағы, кейін Виктор Гажикпен өткен кездесулер де тең нәтижемен аяқталды.
Ал Урал командасына шешуші ұпайды халықаралық шебер Лея Гарифуллина әкелді. Ол әйелдер арасындағы гроссмейстер Талия Сервантес Ландейроны екі рет жеңді.
Жеңімпаздар финалдың барысы өз бақылауында болғанын, ал жартылай финалда қазақстандық командадан өту әлдеқайда қиын болғанын атап өтті.
«Шынымды айтсам, финал біз үшін бақылауда өтті. Төртінші тақтада біздің фаворит екеніміз бірден байқалды, ал үшінші тақтада есепті ұстап тұруға тырысуымыз керек болды. Сондықтан, жалпы алғанда, күніміз жеңіл өтті.
Бір қызығы, Қазақстан командасымен өткен жартылай финалдағы матч әлдеқайда қиын болды. Бірінші ойында жеңіліп қалуымыз мүмкін еді, бірақ екінші матчта сенімді жеңіске жеттік, ал алғашқы кездесуде жағдайды сақтап қала алдық.
Жалпы, мұндай чемпионат алғаш рет өткізіліп отыр. Сондықтан оны жеңіп алғанымызға өте қуаныштымыз. Ұйымдастыру жағынан да айтарлықтай мәселе болған жоқ. Алматыда болу және осы турнирге қатысу бізге үлкен әсер қалдырды», — деді Ural State Mining University командасының мүшесі Рудик Макарян.
FIDE World University Team Chess Championship турнирі алғаш рет өткізілді. Финалдық кезеңге жолдама алу үшін 49 елден 79 университет командасы бақ сынады. Онлайн іріктеу қорытындысы бойынша үздік сегіз команда анықталды. Тағы сегіз команда ұйымдастырушылардың шақыруымен турнирге қатысты.
Осылайша, Алматыдағы финалдық кезеңде 16 университет командасы өнер көрсетті. Топтық кезеңнен кейін үздік сегіз команда плей-офф кезеңіне жолдама алды. Оның құрамына ширек финал, жартылай финал, үшінші орын үшін матч және финал кірді.
Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, KNUS командасының қола жүлдеге ие болуы соңғы минуттарда ғана анықталған.
«Құрметті достар, қазір Қазақстанның KNUS командасы осы командалық әлем чемпионатында қола жүлде иеленгенін айту маған өте қуанышты. Бұл нәтиже жарыстың соңғы минуттарында ғана белгілі болды.
Біз қатты уайымдадық. Тай-брейкте командамыздың матчы іс жүзінде жеңіліп жатқан еді. Алайда Қазыбек Нөгербек қарсыласын айласымен басып озып, тай-брейктің екінші партиясында жеңіске жетті. Осыдан кейін армагеддон партиясы өтті.
Бұл жолы да Қазыбек Нөгербек америкалық команданың капитанына қарсы жекпе-жекке шықты. Позиция, жалпы алғанда, тең еді, бірақ ойын әлі жалғасатын. Бүгін Қазыбекке сәттілік серік болып, ол осы партияда жеңіске жетті. Осылайша, командамызға жеңіс пен тұғырдан үшінші орын әкелді.
Біз бұған өте қуаныштымыз. Жалпы, турнир жоғары деңгейде өтті. Алты құрлықтан келген студенттердің барлығы да жарыс туралы жақсы пікір білдірді. Біз оларға қаламызды көрсетіп, экскурсия ұйымдастырдық. Олар тауларымызды, мұражайларымызды тамашалап, Алматының ерекше атмосферасын сезінді.
Қазақстанның университеттер арасындағы алғашқы командалық әлем чемпионатын өткізу туралы бастамасы өз нәтижесін берді деп ойлаймын», — деді Дәрмен Сәдуақасов.
Чемпионат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi Hub алаңында өтті.
Жарысты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Іс-шараның бас серіктестері — Freedom компаниялар тобы мен «Шапағат» корпоративтік қоры.
Ресми серіктестер қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Almaty Tourism Bureau және Visit Almaty, Herbalife компаниясы, Lichess.org онлайн-платформасы, «Zigi-Zagi» сусындар бренді және Qutty Band смарт-сағаттар бренді бар.
Жарыстың ақпараттық серіктестері: «Еуразия» бірінші арнасы, Qazsport, «Хабар» агенттігі, 24.kz, Jibek Joly, Silk Way, 7tv, «Астана» телеарнасы, ТРК «МИР», Sport+, «Курсив», «Қазинформ», Tengrinews, TengriSport, Vesti.kz, Amanat media group, NewTimes, Bes.media, Aikyn.kz, Liter.kz, DK News, Ult.kz, Sportinform.kz, Azattyq Ruhy, Turkystan.kz, Жулдыз FM, Радио NS, Orda.fm, Toppress, Today Info, Chessno говоря және ChessBase.