Қазақстандық спортшы Гузал Ергешева Англияда қайтыс болды

Бүгін, 07:32 / Нұрлан Әлинұр
Фото: facebook.com/Guzlama

Қазақстандық спортшы және пауэрлифтингші Гузал Ергешева 8 тамызда Англияда қайтыс болды. Параспортшы күйеуімен бірге сол жақта тұрған, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

Қаралы хабарды тележүргізуші Әдел Оразалинова (Адель Смит) жеткізді. Ол 30 жылға жуық спортшының жақын досы болғанын айтты.

Оның айтуынша, түнде ұйықтап жатқанда талмасы ұстаған. Ергешева бір күн бұрын күйеуінің туыстарымен уақыт өткізіп, содан кейін досымен кездескен.

- Ол жүрегі махаббатқа толы, сүйікті, жарқын, алға қойған жоспары көп және достыққа адал жан еді, - деп жазды Әдел Оразалинова.

Гузал Ергешеваның отбасы қазір спортшының денесін Қазақстанға қайтару жұмысын ұйымдастырып жатыр.

Әдел Оразалинова әлеуметтік желіде оқырмандарынан Ұлыбританиядан репатриация процесі туралы ақпарат сұрады. Сонымен қатар Қазақстан консулдығының өкілдерімен байланысуға көмек көрсетуді өтінді.