«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Ақмола, Павлодар және Қызылорда облыстарында тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік мәселелер, спорт, еңбек және өңірлерді дамыту бағыттарын талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спорт пен жастарды қолдау – басты бағыттардың бірі
Қазақстан чемпионатының кезекті сырт алаңдағы матчы қарсаңында «Ертіс» футбол клубына ерекше қолдау көрсетілді. Команданың жаттығу базасында футболшылар мен жаттықтырушылар штабының «Әділет» партиясының өкілдерімен кездесуі өтті. Бұл жиын дәстүрлі саяси кездесу емес, командалық рух, кәсібилік және өңірдің ортақ болашағы туралы мазмұнды әрі жылы әңгімеге ұласты.
Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Илья Теренченко, Сандуғаш Қалижанова, Жарқынбек Амантай, Гүлзира Атабаева және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Партия өкілдері жастардың қоғамдық бастамалардың басты қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтіп, спортты және дарынды жастарды қолдау «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді. Қатысушыларға партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ондағы барлық бастамалар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әділетті мемлекет құруға, цифрлық сервистерді дамытуға және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталғаны айтылды.
Кездесудің ерекше әсерлі сәттерінің бірі футболшыларға арналған шынайы лебіздер болды. Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлзира Атабаева «Ертіс» футбол клубының жай ғана команда емес екенін ерекше атап өтті.
«Бұл – қаланың тарихы, мінезі және жүз мыңнан астам адал жанкүйердің мақтанышы. Бізді кәсібилікке, біліктілікке және нәтижеге деген ұмтылыс біріктіреді. Сондықтан «Ертіс» пен «Әділет» партиясының ортақ құндылықтары өте көп».
Әңгіме барысында цифрлық мемлекет құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Партия өкілдері «Әділеттің» цифрлық сервистері, eGov және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы партияға мүше болу мүмкіндіктері, сондай-ақ ішкі процестерді жетілдіруде жасанды интеллект технологияларын қолдану жөнінде айтып берді. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, заманауи технологиялар мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыра отырып, азаматтардың игілігіне қызмет етуге тиіс.
Кездесудің ең әсерлі сәті – футболшылар мен жаттықтырушылар штабы қолтаңба қалдырған символикалық футбол добын табыстау болды. Бұл доп өзара құрметтің, қолдаудың және команда мен жанкүйерлер арасындағы бірліктің естелігі ретінде сақталады.
Кездесу соңында партия өкілдері «Ертіс» футболшыларына алдағы ойында сәттілік, жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тіледі. Сонымен қатар олар «Ертістің» жеңістері әлдеқашан бүкіл Павлодар облысының мақтанышына айналғанын атап өтті.
Тұрғындар ұсынысы ескеріледі
Партияның Ақмола облыстық сайлауалды штабы өңір тұрғындарымен кездесулерін жалғастыруда. Ақпараттық-насихат жұмыстарының кезекті кезеңі Целиноград ауданында өтіп, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.
Жұмыс сапары барысында облыстық сайлауалды штаб мүшелері Целиноград аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, Нұресіл ауылының жалпы білім беретін мектебі мен Талапкер ауылындағы мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымдарымен, сондай-ақ, Ақмол ауылындағы «Шаңырақ» компаниялар тобы кешенінің еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесулер барысында қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы жан-жақты таныстырылды. Бағдарламаның негізгі басымдықтары – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру, отбасы мен жастарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, азаматтардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру және өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасау. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту және жастардың өзін-өзі дамытуына жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Әрбір кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар ауылдық аумақтарды дамыту, білім беру жүйесін қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және партия бағдарламасында көзделген бастамаларды іске асыру перспективалары жөнінде өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
«Әділет» партиясы Ақмола облыстық сайлауалды штабының мүшесі Ақманат Әлімбетова алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асуы әрбір қазақстандықтың белсенді азаматтық ұстанымына тікелей байланысты екенін атап өтті.
"Бүгінде әрбір сайлаушы өз таңдауына үлкен жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. «Әділет» партиясының бағдарламасы – өңірлерді дамытуға, білім беру саласын қолдауға, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға және баршаға әділ мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Біз адамдармен тұрақты әрі ашық диалог жүргізу арқылы қоғам игілігіне қызмет ететін нақты шешімдерді бірге қалыптастырамыз", – деді Ақманат Әлімбетова.
Еңбек адамының еңбегі – ел игілігі
Таң сәріден көшеге шығып, қаланың тазалығын қамтамасыз ететін коммуналдық қызметкерлердің еңбегі қоғамда жиі елене бермейді. Қызылордада «Қызылорда Тазалығы» ЖШС ұжымымен өткен кездесуде еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы, жұмыс қауіпсіздігі, экологиялық мәдениет пен қаланың тазалығын сақтау мәселелері талқыланды.
Кездесуге облыстық және қалалық сайлауалды штабтың өкілдері Асхат Шәукенбаев, Әділжан Сәулебаев, Раушан Ысқақова және Бауыржан Төлеген қатысты.
Жүздесу барысында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында көзделген еңбек адамын қолдау, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бастамалар таныстырылды.
Облыстық сайлауалды штабтың өкілі Асхат Шәукенбаев еңбек адамын қолдау кез келген елдің тұрақты дамуының басты алғышарттарының бірі екенін атап өтті.
«Біздің сайлауалды бағдарламамызда еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге ерекше басымдық берілген. Біз қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, лайықты еңбекақы төлеу тетіктерін жетілдіруге және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуге басымдық береміз. Сонымен қатар "Таза Қазақстан" бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әр азаматтың ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстың алдыңғы шебінде жүрген коммуналдық қызметкерлердің еңбегі әрдайым жоғары бағалануы тиіс», – деді ол.
Кездесуде қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтің ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі екені айтылды. Қатысушылар қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастырудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде «Қызылорда Тазалығы» ЖШС қызметкерлері күнделікті жұмыста кездесетін өзекті мәселелерді көтеріп, еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік қауіпсіздікті күшейту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Ашық пікір алмасу барысында коммуналдық сала қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалып, көтерілген мәселелер ортақ талқыланды. Жүздесу еңбек адамының қоғамдағы рөлін айқындап, қаланың тазалығы мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамалардың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.