Курорттағы қорық қызметкерін жабайы жолбарыс талап тастады

Бүгін, 22:00 / Жамбыл Жайлау
depositphotos.com

Таиландтағы ірі қорықтардың бірінде жабайы жолбарыстың шабуылынан 48 жастағы қорық қызметкері қаза тапты. Оқиғадан кейін аумақ туристер үшін уақытша жабылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы жағдай Huai Kha Khaeng Wildlife Sanctuary қорығында болған.

5 тамыз күні қорықшы Сакарин Вичаджан жастар лагерінің таңғы жиынына келмеген. Осыдан кейін әріптестері оны іздеуге кіріскен.

Қызметкер тұратын үй қарауыл бекетінен шамамен 200 метр жерде орналасқан. Үйдің ішінен ешкім табылмағанымен, оның ұялы телефоны мен жеке заттары сол жерде қалған. Сондай-ақ москит торының зақымданғаны байқалған.

Үй маңынан ірі жыртқыштың жемтігін сүйрегеніне ұқсайтын іздер табылған.

Көп ұзамай іздеу тобы қорық қызметкерінің денесін үйінен шамамен 200 метр жердегі орман ішіндегі жылғадан тапқан.

Жергілікті билік мәліметінше, марқұмның денесінде жыртқыштың тісі мен тырнағынан қалған жарақаттар болған. Оқиға орнынан ірі жолбарыстың жаңа іздері де анықталған.

Таиландтың Ұлттық саябақтар департаментінің басшысы Аттафон Чароенчанса шабуылды жабайы жолбарыс жасағанына күмән жоқ екенін мәлімдеді.

Huai Kha Khaeng қорығы Таиландтағы жабайы жолбарыстар ең көп мекендейтін аумақтардың бірі саналады.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жұмыс істеп, жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға кіріскен.

Тэгтер:

жолбарыс