Ұлттық ғылым академиясында биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасы талқыланды

Бүгін, 20:48 / Жамбыл Жайлау

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, жетекші медициналық жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық ғылыми орталықтардың директорлары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.

Бірлескен отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова биотехнологияны дамыту Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Министр өз сөзінде Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыруда, іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуда, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар мемлекеттік бастамаларды ғылыми сараптамалық сүйемелдеуде шешуші рөл атқаратынын айтты. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында Биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясын қалыптастыруда Ұлттық ғылым академиясының ғылыми-сараптамалық ұстанымының маңызы ерекше екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, ғылыми ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп Қазақстан Республикасында Биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасын әзірлегенін атап өтті. Бірлескен отырыстың мақсаты – стратегия жобасын ғылыми және сараптамалық тұрғыдан талқылап, оны одан әрі жетілдіру және іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев Академия жетілдірген Қазақстан Республикасында Биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жаңартылған жобасын таныстырды.

Өз баяндамасында Академия президенті биотехнологияның дәрілік, биологиялық, азық-түлік және технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық рөліне тоқталып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, ғылыми әзірлемелерді өндіріске дейін жеткізу, технологиялар трансферін дамыту және нақты нәтижеге бағдарланған ұлттық биотехнологиялық жүйені қалыптастыру Стратегияның негізгі басымдықтары екенін атап өтті.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен әзірленген «Фитошикізат негізінде жаңа дәрілік заттар-кандидаттарының мультитаргеттік дизайны» атты флагмандық ғылыми бағдарламаның таныстырылымы өтті.

Бағдарламаны Ұлттық ғылым академиясының «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» бөлімшесінің басшысы Марлен Махмұдович Есіркепов таныстырды.

Флагмандық бағдарлама аясында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларын пайдалана отырып, дәрілік заттарды әзірлеудің толық циклін қамтитын интеллектуалды модельдеу және болжау орталығын құру көзделген. Жоба дәрілік өсімдіктерді ғылыми негізде іріктеу, цифрлық деректер қорын қалыптастыру, in silico модельдеу, белсенді фармацевтикалық субстанциялар әзірлеу, доклиникалық және клиникалық зерттеулер жүргізу, өндірісті ұйымдастыру және дәрілік препараттарды мемлекеттік тіркеуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Таныстырылған флагмандық ғылыми бағдарлама Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауына ие болды. Тараптар алдағы уақытта жобаны бірлесіп іске асыру, биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту және ғылым нәтижелерін практикалық денсаулық сақтау мен өндіріске енгізу бағытындағы өзара ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Бірлескен отырыс ғылым, білім, денсаулық сақтау және өндіріс салалары арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтып, Қазақстанда биотехнологияны дамытудың жаңа кезеңіне негіз қалайтын маңызды ғылыми-сараптамалық алаң болды.