"Қаншама ұйқысыз түндер болды": Дариға Бадықова жеке өмірі туралы құпиясын айтты

Бүгін, 20:02 / Жамбыл Жайлау

Актриса әрі продюсер Дариға Бадықова өзінің қаржылық жағдайы мен табысқа жету жолы туралы пікір білдірді. Өнер иесі жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, тәуекел және ішкі түйсік тұрғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дариға Бадықованың сөзінше, қоғамда оның қысқа уақытта байып кеткені туралы пікірлер айтылып жүр. Алайда актриса мұнымен келіспейтінін жеткізді.

"Бадықова тез байып кетті" деген сөздерді естіп қаламын. Ешқандай да тез байыған жоқпын. Осы өнерде 28 жыл еңбек еттім. Қаншама ұйқысыз түндер болды. Қорғансыз қалған кездерім де кездесті. Көп шешімді өзім қабылдап, оның дұрыс-бұрыстығына күмәнданған сәттерім аз емес", – деді ол.

Актриса өз өмірінде интуицияға да үлкен мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, кей жағдайларда ішкі түйсік дұрыс шешім қабылдауға көмектескен.

Сонымен қатар Дариға Бадықова жетістіктің басты негізі ретінде адал еңбек пен адамның өз ұстанымына берік болуын атады.

"Маған берілген бақ-дәулетті мойындағыларың келмей ме? Осы өнер арқылы біраз жерге жеткенімді туып-өскен елім біледі. Мен біреуге бермесем, алмаймын", – деді актриса.

Өнер иесі қазіргі деңгейіне бір күнде емес, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибе мен еңбектің арқасында жеткенін айтты.

Тэгтер:

Дариға Бадықова