«Әділет» партиясы Павлодарда тұрғындармен тікелей байланыс орнатудың жаңа форматын іске қосты. Енді қоғамдық көлік тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат беретін және павлодарлықтардың ұсыныстарын жинайтын алаңға айналмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.
Брендтелген автобустардың таныстырылымы қалалық автобус паркінің аумағында өтті. Автобустар легіне символикалық түрде таныстырғандардың қатарында Құрылтай депутаттығына кандидаттар Илья Теренченко, Сандуғаш Қалижанова, Жарқынбек Амантай, Русана Сулаймонова және Гүлзира Атабаева, сондай-ақ партияның жастар қанатының өкілдері мен автобус паркінің қызметкерлері болды.
Автобустар күн сайын Павлодар қаласының адам көп қатынайтын бес бағыты бойынша қатынайды. Ал партия еріктілері мен белсенділері жолаушыларға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, жазып алады.
Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлзира Атабаеваның айтуынша, партия үшін өз бағдарламасын таныстырумен қатар, азаматтармен тұрақты кері байланыс орнату аса маңызды.
«Бүгін біз сайлаушылармен өзара әрекет етудің тиімді тетігін іске қосып отырмыз. Біз үшін сайлауалды бағдарламамызды таныстыру ғана емес, тұрғындардың пікірін тыңдау, олардың сұрақтары, ұсыныстары мен пікірлерін де маңызды. Халықпен ашық диалог қоғам сұранысына толық жауап беретін шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Оның сөзінше, партия ашық әрі қолжетімді коммуникацияға басымдық береді. Брендтелген автобустармен қатар, еліміздің қалаларында қоғамдық шатырлар жұмысын жалғастыруда. Онда әрбір тұрғын өз ұсыныстарын қалдыра алады. Мұнда келіп түскен барлық өтініш сараланып, партияның алдағы жұмысы барысында ескерілетін болады.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар көшелеріне брендтелген трамвайлар мен таксилер шыққан болатын.