«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған республикалық сайлауалды штабы Шымкент қаласындағы коммуналдық кәсіпорындардың еңбек ұжымы мен медицина қызметкерлерімен кездесті. Ашық диалогтың негізгі тақырыбы – еңбек адамының мәртебесін арттыру, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, «Таза Қазақстан» жобасын дамыту, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, деп хабарлайды turkystan.kz.
Коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесуді ашқан партия төрағасы Айбек Дәдебай ел дамуының басты қозғаушы күші – еңбек адамы екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды күшейту және заманауи инфрақұрылымды дамыту партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.
«Қуатты экономика өз ісін адал әрі кәсіби атқаратын еңбек адамынан басталады. Сондықтан әрбір маманның еңбегі лайықты құрметке де, әділ бағалауға да ие болуы тиіс. Жаңартылған Конституция мен «Әділет» партиясының бағдарламасы осы қағидаттарға негізделген. Біз барлық мемлекеттік институттар ең алдымен азаматтардың мүддесіне қызмет етуі керек деп санаймыз. Ал партияның басты міндеті – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту», - деді партия төрағасы.
Ашық диалог барысында учаскелік бригадир Жазира Жандарбекова коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мәселесін көтерді. Оған жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Әмірбек Оспанбеков тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға партияның сайлауалды бағдарламасында арнайы бөлім арналғанын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Әділет» партиясы 2030 жылға дейін 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртып, жаңадан салуды ұсынады. Бұл коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуге, коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға және апат санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді», - деді Әмірбек Оспанбеков.
Кездесуде көтерілген мәселелердің бір бөлігі коммуналдық сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғауға арналды. Депутаттыққа кандидат Нұрлан Бекназаров партия үшін еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін жеткізді.
«Партия коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағалануына жүйелі түрде күш салады. Ол үшін жалақыны одан әрі арттыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі шаралар көзделген», - деді Нұрлан Бекназаров.
Кәсіпорын қызметкерлері тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселесін де көтерді. Депутаттыққа кандидат Еркебұлан Ілиясов партия тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдауды кеңейтуді, ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруды және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Басқосу барысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына ерекше назар аударылды. Санитарлық тазалау және ағаштарды бұтау бөлімінің қызметкері Абдукарим Раджапов бұл жоба тұрғындар арасында тазалық мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп жатқанын айтты.
«Партия бағдарламасындағы «Таза Қазақстан» жобасына қатысты бастамалар бізге шабыт береді. Бүгінде нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Тұрғындар арасында тазалық мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Сондықтан біз партия бағдарламасын бірауыздан қолдаймыз. 23 тамызда міндетті түрде сайлауға қатысып, «Әділет» партиясына дауыс береміз», - деді Абдукарим Раджапов.
Жұмыс сапарының келесі алаңы – оқу-симуляциялық орталығы. Мұнда партия өкілдері медицина қызметкерлерімен кездесті.
Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы қосалқы станциясының меңгерушісі Әлжан Арыстанбаев жедел жәрдем қызметкерлеріне «Дипломмен ауылға» бағдарламасындағыдай қолдау шараларын, соның ішінде көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй беруді қолдануды ұсынды. Бұл сұраққа жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Бөріхан Нұрмұхамедов партия тиісті заңнамалық бастамаларды қарастыруға дайын екенін айтты.
«Біз жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне арналған қосымша қолдау шараларын енгізу жөніндегі ұсыныстарды заңнамалық деңгейде талқылауға шығаруға дайынбыз. Олардың қатарында жалдамалы тұрғын үй ақысын субсидиялау, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары және тәулік бойы қызмет атқаратын мамандарға арналған өзге де әлеуметтік қолдау тетіктері бар», - деді Бөріхан Нұрмұхамедов.
Айбек Дәдебай сапалы медициналық көмек адамның қай жерде тұратынына қарамастан қолжетімді болуы тиіс екенін ескертті.
«Біздің ұстанымымыз бойынша, Қазақстанның әрбір азаматы қалада тұрса да, ауылда тұрса да сапалы медициналық көмекке тең дәрежеде қол жеткізуі керек. Сондықтан партия МӘМС, медициналық ұйымдар, дәріханалар және жедел медициналық жәрдем қызметінің деректерін біріктіретін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені енгізуді ұсынады. Бұл дәрігерге науқастың жағдайы туралы толық ақпаратты жедел алуға, ал әрбір азаматқа мобильді қосымша арқылы өзінің медициналық тарихын бақылап, денсаулық сақтау саласындағы заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді», - деді ол.
Шымкенттің еңбек ұжымдарымен кездесу «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Шымкенттегі жұмыс сапары аясында өтті. Ашық талқылаулар барысында айтылған барлық ұсыныстар талданып, партияның алдағы заң шығару қызметінде пайдаланылады.