Жасанды интеллектінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестиваліне дайындық барысы «Astana AI Film Festival» қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Astana AI Film Festival фестивалін өткізу еліміздің жасанды интеллект саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысушы ретіндегі мәртебесін нығайтады.
AAIFF Қамқоршылық кеңесінің отырысына Қамқоршылық кеңесінің мүшелері Қуанышбек Есекеев пен Раушан Қажыбаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, UNI-Q Group медиахолдингінің төрағасы Мұхамедқали Тауан, сондай-ақ фестиваль ұйымдастырушылары Алмас Жәли мен Айзатулла Хуссейн қатысты.
Қатысушылар байқау бағдарламасын, фестивальді Astana Digital Bridge аясында өткізуге дайындықты және қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға әзірлікті талқылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өтінімдердің ең көбі АҚШ-тан – 17%, Үндістаннан – 10% және Қазақстаннан – 8% түскен. Одан кейін Оңтүстік Корея мен Қытай – 5%-дан, Ұлыбритания – 4%, Ресей мен Гонконг – 3%-дан.
Фестивальдің халықаралық қазылар алқасының құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле, China Film Group өкілі Ма Пин және Бейжің киноакадемиясының өкілі Ван Хао енді. Astana AI Film Festival фестивалінің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.
Жиында атап өтілгендей, Бейжіңде өткен AI-кино саласындағы Қазақстан–Қытай инновациялық алмасу форумы қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қытайлық компания Қытай Халық Республикасындағы фестивальдің ресми өкілі болды.
Фестиваль ұйымдастырушылары өтінімдердің кең географиясы кәсіби қауымдастықтың кинематографияның жаңа бағытына деген қызығушылығының артып келе жатқанын дәлелдейтінін хабарлады. Жасанды интеллект фильм жасаудың тәсілдерін ғана емес, кино өндірісінің бүкіл моделін де өзгертіп жатыр.
Astana AI Film Festival 2026 жылғы 1-3 қазан аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді. Бағдарламада жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық ЖИ-фильмдер байқауы, сондай-ақ конференция, жобалар питчингі, көпшілікке арналған кино көрсетілімдері және жасанды интеллект, кино және цифрлық шығармашылық саласындағы әлемнің жетекші сарапшыларымен кездесулер қарастырылған.
Негізгі кинобайқаудың тақырыбы – «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Сонымен қатар бес номинациядан тұратын ашық секция ұйымдастырылады. Өтінім қабылдау 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Фестивальдің ресми бағдарламасына енген фильмдер алғаш рет Астанадағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетіледі. Іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында өтеді. Оның аясында халықаралық спикерлердің қатысуымен пленарлық және панельдік сессиялар, воркшоптар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.