Қазақстандықтар Құрылтай сайлауынан жақсылық күтеді – зерттеу

Бүгін, 15:58 / Інжу Әлихан
Фото: ЖИ

Еуразиялық интеграция институты БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифингте қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқының түрлі аспектілерін зерттеу аясында 16-26 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің кезекті нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін хабарланғандай, азаматтар арасында face-to-face форматында жүргізілген жаппай сауалнамаға Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 4 000 респондент қатысты.

Сауалнама нәтижелері қоғамда сайлау науқандары, саяси партиялардың рөлі мен функциялары туралы нақты әрі байыпты түсінік қалыптасқанын, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформаларға оң көзқарас басым екенін көрсетті.

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында зерттеу аясында анықталған бірқатар көрсеткіштер ерекше назар аударуға тұрарлық.

Бірінші. Сайлау белсенділігіне қатысты жүргізілген жалпы өлшем бойынша, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 78,2%-ы сайлаулар мен референдумдарға дауыс беруге қатысатынын айтты.

Сонымен қатар әрбір сайлау науқаны өткен сайын дауыс беруге қатысатын азаматтардың үлесі артып келеді. Респонденттердің жауаптарына сәйкес, 2023 жылғы парламенттік сайлауға азаматтардың 53,4%-ы, 2024 жылғы республикалық референдумға 63,4%-ы, ал 2026 жылғы референдумға 75,3%-ы қатысқан. Сауалнама нәтижелері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми деректерімен барынша сәйкес келеді.

Екінші. ҚР жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдумға қатысқан азаматтар дауыс беруге ынталандырған негізгі себептерді атады.

Респонденттердің 71%-ы дауыс беруді өзінің азаматтық борышы деп санайды.

69,6%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформаларды маңызды деп есептейді.

31,4%-ы дауыс беруді өзінің ажырамас демократиялық құқығы деп бағалайды.

Ал сауалнамаға қатысқандардың 18%-ы дауыс беруге құқылы жасқа алғаш рет жеткендіктен қатысқанын айтты.

Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады.

Азаматтардың сайлауға қатысуына ықпал ететін осы факторлар 23 тамыздағы Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде де маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Үшінші. Сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың сайлау процестері туралы ақпарат алатын негізгі жеті көзі анықталды. Олар: теледидар – 51,6%, Instagram – 44,5%, жаңалық тарататын интернет-порталдар – 32,5%, отбасы мүшелері мен туыстары – 27,4%, TikTok – 23,8%, жұмыс орны немесе ұйым – 22,5%, достары – 21,7%.

Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады.

Бұл нәтижелер саяси контентті тұтынуда телеарналардың әлі де өз маңызын сақтап отырғанын, ал әлеуметтік желілер ішінде Instagram мен TikTok кеңінен қолданылатынын көрсетеді. Сондай-ақ азаматтардың сайлау барысы туралы тұрақты ақпарат алып, оны күнделікті өз ортасында талқылайтынын аңғаруға болады.

Төртінші. Қазақстандықтардың басым көпшілігінің пікірінше, жаңа Конституцияның қабылдануы сияқты қос палаталы Құрылтайдың құрылуы да оң өзгерістермен байланысты. Сауалнама нәтижелері азаматтардың Құрылтай депутаттарын сайлаудан оң өзгерістер күтетінін көрсетті.

Респонденттердің 68%-ы Құрылтай сайлауынан кейін өз өмірінде жағымды өзгерістер болады деп үміттенеді.

Қоғамдық пікірді нақтылау барысында төмендегідей нәтижелер анықталды:

респонденттердің 48,8%-ы сайлаудың әділ өтетініне сенімді;

43,3%-ы Құрылтайға сайланатын депутаттар азаматтардың мүддесін қорғайды деп күтеді;

35,9%-ы жаңа депутаттардың келуімен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады деп санайды;

23,8%-ы жаңа депутаттар саяси мәдениеттің дамуына ықпал етеді деп есептейді;

22,3%-ы депутаттардың халыққа жақын болып, сайлаушылармен ашық байланыс орнатуын қалайды.

Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады.

Бесінші. «Қазақстандағы саяси партия тиімді қызмет етуі үшін ең алдымен не істеуі керек?» деген сұраққа респонденттердің берген жауаптары төмендегідей болды.

Азаматтардың пікірінше, партияларға қойылатын негізгі үш талап:

44%-ы партия елдің экономикалық өсуі мен өркендеуіне үлес қосуы тиіс деп есептейді;

33,2%-ы партия өз жұмысында әлеуметтік әл-ауқат пен теңдікті қамтамасыз етуге басымдық беруі қажет дейді;

32,4%-ы партия елдің алдағы даму бағытын халыққа нақты әрі түсінікті жеткізе алуы керек деп санайды.

Сондай-ақ респонденттер партия көшбасшыларының мықты әрі тартымды тұлға болуы (29,9%), заңнамамен сауатты жұмыс істей білуі және халыққа нақты пайда әкелетін заң жобаларын ұсынуы (29,8%), демократиялық қағидаттарға адал болуы (20,1%), сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатуы (20%) маңызды екенін атап өтті.

Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады.

Осылайша, қазақстандықтардың қоғамдық-саяси және сайлау процестеріне қатысу белсенділігі артып келе жатқанын байқауға болады. Жалпы, қоғамның саяси процестерге қызығушылығы жоғары.

Бұл әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері қазіргі сайлау науқанына қатысып жатқан саяси партиялар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Олар үгіт-насихат жұмыстарының әдістерін, коммуникация арналары мен мазмұнын, сондай-ақ сайлауалды стратегиясын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Іріктеме 18 жастан асқан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрамының тиісті пропорцияларына жақын (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының  2026 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес) бөлінген параметрлер (облыс, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы, этникалық тегі) бойынша репрезентативті үлгіде жасалған. 95% сенімділік ықтималдығы бар іріктеменің статистикалық қателігі ±1,54%-дан аспайды.

Еуразиялық интеграция институты Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасынан алынған деректерді жариялап отыр.