Күйзеліс ер адамдарды айналасынан алыстатуы мүмкін

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ұзақ уақыт психологиялық күйзелісте жүрген ер адамдар жақындарының қолдауын аз сезіне бастайды. Жаңа Зеландияда 14 жыл жүргізілген ауқымды зерттеу осындай байланысты анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz psypost.org-ке сілтеме жасап.

Зерттеуге 75 мыңнан астам адам қатысқан. Ғалымдар олардың психологиялық жағдайын және айналасындағы адамдардан қаншалықты қолдау сезінетінін бірнеше жыл бойы салыстырған. Нәтижесінде әлеуметтік қолдау адамның психологиялық жағдайына оң әсер ететіні анықталды. Яғни жақындары мен достарының қолдауын сезінген адамдардың күйзелісі уақыт өте төмендеген. Бірақ ғалымдар кері байланысты да байқаған. Адамның психологиялық жағдайы нашарлаған сайын, ол кейін айналасындағы адамдардың қолдауын аз сезіне бастаған. Бұл құбылыс әсіресе ер адамдарда айқынырақ болған.

Зерттеушілердің айтуынша, күйзелістегі ер адамға жақындары бұрынғыдай көмектесіп жүрсе де, оның өзі бұл қолдауды сезінбеуі мүмкін. Сонымен қатар кей ер адамдар қиындықтары туралы ашық айтпай, көмек сұраудан бас тартады. Соның салдарынан олар біртіндеп әлеуметтік ортадан алыстап кетуі ықтимал. Ғалымдар мұны қоғамдағы «ер адам мықты болуы керек», «қиындығын өзі шешуі тиіс» деген түсініктермен байланыстырады. Мұндай көзқарас ер адамдарға эмоциясын білдіруге және өзгелерден қолдау сұрауға кедергі келтіруі мүмкін.

Әйелдерде де күйзеліс пен әлеуметтік қолдау арасында байланыс байқалған. Алайда психологиялық қиындықтардың кейін қолдауды аз сезінуге әсері ерлерде күштірек болған. Зерттеу нақты достардың немесе туыстардың саны азайғанын көрсетпейді. Ғалымдар адамның өзін қаншалықты қолдауға ие сезінетінін ғана зерттеген. Сондықтан күйзеліске түскен ер адамды жақындары тастап кетеді деген қорытынды жасауға болмайды.

Зерттеу авторларының пікірінше, ер адамдардың психологиялық саулығын қолдау кезінде олардың тек әлеуметтік ортасын кеңейту жеткіліксіз болуы мүмкін. Ең алдымен көмек сұрауға, қиындықтарын айтуға және өзгенің қолдауын қабылдауға кедергі келтіретін түсініктерді өзгерту маңызды.

Тэгтер:

Ер адам күйзеліс