Ағза донорын 30 секундта табуға көмектесетін жоба жасаған екі дос

Бүгін, 15:15 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Ағза донорын табу – әлемдік медицинадағы ең күрделі мәселелердің бірі. әрі бұл – ұзақ уақытты қажет ететін көп сатылы процесс. Осы өзекті мәселені шешуге үлес қосуды мақсат еткен екі жас ІТ-маманы донор іздеу процесін жеңілдетуге арналған жобаны әзірледі. Astana IT University-де білімін жетілдіріп жүрген екі қазақ студенті ағза донорын бұрынғыдай 12 сағатта емес, 30 секундта табуға мүмкіндік беретін ЖИ жоба жасап шығарды. Әзірше, пилоттық жоба күйінде еліміздегі бес клиникада сынақтан өтіп жатқан бұл айрықша бастамаға қызығушылық танытып жатқандар жетерлік. Осы жобаны құрастырушылардың бірі – Ернұр Сырлыбаевты әңгімеге тартып, сөйлескен едік.

– Әдетте, өздеріңмен шамалас жас­тар алдымен шағын стартаптарды қолға алып, кейін біртіндеп ауқымды жоба­лар­ға көшеді. Ал Асылжан екеуің бірден ағ­за донорын табуға көмектесетін, күр­делі әрі әлеуметтік маңызы зор жобаны қолға алыпсыңдар. Бұл идея қалай пай­да болды? 

– Astana IT University-не түскеннен бас­тап таныстығымыз басталған Асылжан екеуі­міз ІТ-да тың идеяны іске асырғысы ке­летін адамдарды іздестіре бастадық. Сол мақ­сатта университетте Enactus ашып, адам­дар жинай бастадық. Онда бізге көп жоба жа­сау керек болды. Оқуға түскенге дейін әр­­­біріміз түрлі жобамен айналысқанбыз. Алай­да екеуіміз медициналық технология жа­сап көрмегенбіз. Сол бағытқа қызығып, өкпе обыры ауруының алдын алатын жо­ба­ларды жүзеге асырғымыз келді. Бұл салада на­рық үлкен болғандықтан, бәсеке көп бол­ды да, мұнымыз іске аспады. Осы ізденіс ке­зінде көп дәрігермен қоян-қолтық ара­лас­тық. Бір жарым жыл бұрын Астанадағы трансплантация орталығында жұмыс іс­тейтін трансплантологпен жолыққанымызда ол өздері қолданатын, донорлар мен реци­пиенттерді есепке алуға арналған TRINIS жүйе­сінің ескіргенін тілге тиек етіп, онда тіп­ті 5-6 жыл бұрын қайтыс болғандардың де­регі сақталатындықтан, онымен жұмыс іс­теу қиынға соғатынын айтып қалды. Содан соң «Неге біздің елде жақсы, сапалы жүйе жоқ? Неліктен бізде адамдар донор жетіс­пеу­шілігінен жиі қайтыс болады?» деген сұраққа жауап іздеумен болдық. Дәрігер, докторант­тар­мен хабарласып, дерек сұрастырдық. Со­ның біреуі – Байжан Мұқатай. Ол Америка Құрама Штаттарында ағза донорын үлес­тіретін алгоритм жасақтаумен айналысады. Ол кісі бізге тың деректер ұсынып, осы сала­ны дамыту туралы ұсыныс айтты. Біз мұны зерттеп, жүйені әзірлей бастадық. Алдымен реципиенттер мен донордың деректеріне, қан топтарына, дене массасына қарап, сәй­кес келе ме, келмей ме, соны есептеу керек бол­ды. Оны есептеп шыққан соң, бұл жо­ба­ның тиімділігін көп адамға, соның ішінде инвесторларға көрсеттік. Бәріне ұнады. Бірақ TRINIS-тің орнын басатын жобаны әлі жасақтай қоймаған едік. Кейін реципиент пен донор деректерінің сәйкес келуін тексеретін CortexAI атты жүйеге кіріктірдік. Дәлірек айтқанда, біз донор іздеу емес, донорды тезірек табуға септігімізді тигіземіз. Бізде реципиенттер мен донорлардың ба­засы бар. Қай донор қайсысына сай келетінін тезірек табуға болады. Бұрын бұл процеске 12 сағат кететін болса, қазір мұны 30 секунд­та немесе 1 минутта-ақ табуға болады. 
Қа­зақ­стан бойынша донор табу процесін жыл­дамдататын бұл жобаны бастағанымызға бір жарым жыл болды. Қазір Қазақстанда бес кли­никамен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – әзір­ше пилоттық жоба. Әлі толық іске қо­сыл­ған жоқ. Себебі мұндай жобаларды толық іске қосуға көп уақыт кетеді. 

– Пилоттық жоба болса да, көп сайыс­та жүлделі орын алып, тіпті шет­ел­дік инвесторлардың көзіне түскен екен­сіздер...

– Иә, өткен жылдың  қыркүйегінен бері 10 шақты ІТ сайыстарда жүлделі болдық. Жоғарыда айтқанымдай, идеямыз мықты болғандықтан, осы саланың білгірлерін топтастырдық. Біздің жобаға сұраныс көп болды. Бұл салада біз секілді шешімі бар жоба болмағандықтан көп сайыста топ жардық. Digital Qazaqstan форумында 2-орынға ие болып, 5 млн теңге сыйақы алдық. Кейін Entrepreneur Awards әлем кубогінде топ жарып, финалға өттік. Алайда қаржы мәселесіне байланысты Сауд Арабия­сына ұшып бара алмадық. Бірақ соның арқа­сында бізге Сауд Арабиясынан инвес­тиция келді. Инвесторлар мен түрлі қор өкілдері осындай әлемдік сайыста суырылып шыққан жобаларды жіті тексеріп, кейін жоба құрастырушыларына «Мынау қызық екен», «Мына жобаларың тиімді екен» деп жазады. Біздің жобамызбен танысқан араб инвесторы хат жазып, қолдау білдіргісі келетінін айтты. Ол бізге 85 мың доллар көлемінде қаржылай қолдау берді. Бұл – әзірше тапқан ең қомақты инвестициямыз. Содан кейін Astana Hub ұйымдастыратын Pizza Pitch секілді іс-шара­ларда өз жобамыз­ды қорғап, орын алдық. Одан бөлек, былтыр күзде Оқу-ағарту ми­нистр­лігі ұйымдас­тырған жобада «Үздік био­тех-стартап» но­минациясын жеңіп ал­дық. 


Біз осы жобаны қолға алғалы бері көп инвестормен сөйлестік. Қазақстан ғана емес, шетел инвесторларын да жұмылдырмақ ойымыз бар. Сонымен қатар америкалық профессорлармен де үзбей хабарласып тұра­мыз. Инвестордың назарына ілігу үшін сайыс­тарда топ жаруың керек. Одан бөлек, стартапшылар жобаны жасақтап қана қоймай, мамандармен нетворкинг құрып, байланыс орната білу керек. 
Өзіңіз байқағандай, қазір не көп, жоба­лар көп, әрі қазір ІТ десе, ішер асын жерге қоятын жас балалардың қатары да көбейді. Біз 19 жастамыз, бізді қазір жас деп айтады. Бір­ақ бізден де жас, 15 жасында-ақ өз жо­басын жасап үлгергендер жетерлік. Соған байланысты конкурс та көп. Десе де, біз барлық сайысқа бара бермейміз. Тек жақсы ин­вестор, қазылар алқасында мықты маман­дар отыратын жарыстарға ғана қатысамыз. Бұрын техжобаларды жасап, тәжірибе жинақтағанымыз бар. Қазір көбіне жасақтау ісіне көңіл бөліп жүрміз. Көптеген жобаны қолға алып жатырмыз. Жақын арада Қытай мен Кореяда пилоттық режимдегі жобаны қоспақ ойымыз бар. Қоржынымыздағы жобалармен әлі асар асуымыз көп.

– Қазір небәрі 19 жастасың, бірақ тә­жірибе жинақтап үлгергеніңді айт­тың. Сонда ІТ саласына қызығушылы­ғың қай жастан басталды?

– 5-сыныптан бастап. Алғаш рет қолыма ноутбук түскен кезде түрлі ойын ойнадым. Сосын сол ойындардың қалай құрастырыла­тыны қызық болды. Әрі өзім сурет салғанды жақсы көремін. Осы екі қызығушылығымды тек веб-сайтта ұштастыруға болатынын ерте түсіндім. Мен – Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылы­ның тумасымын. Жетінші сыныпқа дейін гим­назияда оқып, содан кейін «Дарын» мек­тебіне ауыстым. Тоғызыншы сыныптан бас­тап ІТ олимпиадаларға қатыстым. Мек­теп ішінде ІТ клубтар аштық. Менің екі ІТ клу­бым болды. Онда ІТ-ға қызығатын оқу­шы­лардың басын қосып, түрлі алгоритм үйре­тетінмін. Ең қызығы, біз секілді аудан­нан шыққан балаларға қолдау аз. Ал ірі қалаларда мүмкіндік көп.

– Себебі неде деп ойлайсың?

– Мұнда көп фактордың әсері бар. Аста­на, Алматы, Шымкент секілді мегаполисте мамандандырылған мектеп көп. Ол мек­тептердің өкілдері ауылға бармайтыны белгілі. Мен НЗМ, БИЛ секілді мектепте оқы­ғым келген. Онда оқымасам да, дирек­тор­дан жолым болды. Ол кісі бізді БИЛ-ға, НЗМ-ға, жазғы лагерьге жиі ертіп баратын. Кейін соның көмегі тиді. Сонда түсінгенім, адам қай жерден шықса да, өзіне қажетті ілім-білімін ізденіс арқылы табады. 

– Қазір командаңда қанша маман жұмыс істейді?

– Басында үш-төрт бала едік. Қазір он екі болдық. CortexAI жобасымен әлі бес жыл жұмыс істеуіміз керек. Біз өзіміз секілді ІТ десе ішкен асын жерге қоятын жандарға көмектескіміз келеді. Бірегей жобаны ашуға құштар адамдарды жинауды мақсат етеміз. Қазір университетте стартап жасауға үйре­тетін клубтар ашып жатырмыз. Жастарды университетте жүріп-ақ стартаптарды сату, инвестиция тарту ісіне баулығымыз келеді.

– Оқу бітірген соң қандай жұмыспен айналысқың келеді?

– Тағы да оқу, оқу және оқу. Басқа елдерге барып, тәжірибе жинап, өз жобаларымызды көрсеткіміз де келеді. Ең алдымен еліміздің жүйесіне өз жобаларымызды енгізу мақсаты тұр. Ол үшін жобаларымызды сертификат­тап, лицензия алуымыз керек. Бұған уақыт та, қаржы да керек. Қазір мүмкіндіктің бәрін қарас­тырудамыз. Шетелдік клиника, зерт­хана болсын, отандық клиникалар болсын, қай жерден ұсыныс түседі, солармен жұмыс істеуге әзірміз.

– Іске сәт!

Әңгімелескен – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

донор ағза доноры ЖИ Ернұр Сырлыбаев Асылжан Абдоллаев CortexAI