«Арал – Каспий» магистралі: жаңа дәуірдің күретамыры

Бүгін, 15:00 / Ділда УӘЛИБЕК

Осы аптада Мемлекет басшысы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» жолдарының құрылысын  бастап берді.
 
Бір ғана «Бейнеу – Сексеуіл» бағытының өзі Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалдау ұзақтығын 1 000 шақырымға дейін қысқартады. Батыс пен Шығыс арасында құрлық жолының басым бөлігі еліміз арқылы өтетінін ескерсек, озық және заманауи дәліз қалыптастыру жалпы экономикамызға серпін беретін қадам болмақ. Президент қолға алған бастаманың маңызына тоқталып, жұмысты сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.
Ал жалпы ұзындығы 462 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» жолы қайта жаңартылып, төрт жолаққа дейін кеңейеді. Бұл қауіпсіз көлік қозғалысын реттейді, жолаушылар мен жүк тасымалын тиімді ете түседі. Еліміздің батыс өңірлері мен Қызылорда облысы арасындағы көлік қатынасына, халықаралық және республикалық транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін жақсартуға, жол бойындағы қызмет инфрақұрылымның дамуына да серпін береді.
Осылайша, Шығыс пен Батысты жалғайтын жаңа көлік жүйесін қалыптасады. Жоба 2029 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр 

Президент «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сек­сеуіл» автокөлік жолдары құрылысы бас­тал­ған телекөпірде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-ло­гис­ти­ка саласы тоғыз жолдың торабында тұр­ған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сер­пін беретін маңызды бағыт екеніне тоқ­та­лып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мә­ні айрықша ауқымды жобалардың құ­ры­лысы басталатынын мәлімдеді.
– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мем­­­­лекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қа­зақ­станды Еуразиядағы негізгі транзит ха­бы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі ай­тып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі кө­пір саналады. Батыс пен Шығыс арасын­да құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сон­дықтан озық және заманауи көлік жүйе­сін қалыптастыру – алдымызда тұр­ған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» те­мір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін ай­на­лып өтетін теміржол желісі жұмыс іс­тей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мер­зімі айтарлықтай қысқарды. Ең басты­сы, осындай ауқымды жобаларды өз ма­ман­дарымыз жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жұмыс­тың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.
– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасы­мал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 мил­лион тонна болды. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бө­лек, біз автокөлік саласына ерекше на­зар аударып отырмыз. Кейінгі жылдары Қа­­зақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңар­­ту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі ин-фра­құрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қал­батау – Майқапшағай» бағытындағы жол­дар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жыл­да автокөлікпен жүк тасымалдау кө­ле­мі екі есе артты. Былтыр осы қызмет тү­­­рінен түсетін табыс 1,5 триллион тең­геге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз ар­қылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жол­мен күн сайын 35 мыңға жуық ав­то­көлік жүреді. Өткен жылы 13 мың ша­қы­рым автокөлік жолын салу және жөндеу жұ­мысы жүргізілді. Соның 6 мың шақыры­мы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Арал – Каспий» алтын көпірге айналады

Мемлекет басшысы қазір Қазақстан­ның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.
– Жақында Сарыағаш айналма жолы­ның құрылысы мен «Жезқазған – Қара­ған­ды» автожолын жөндеу жұмысы бас­тал­ды. Сонымен қатар еліміз бойынша көп­теген тұрғын үй, мектеп, аурухана, ин­женерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөз­бен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сек­сеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбе­гей­лі жаңа жолдың құрылысы бастал­ға­ны­на тоқталып, бұл бағдарды халықара­лық ауқымдағы автожол деп атады.
– Осы жол ел аймақтары арасындағы бай­ланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ре­тін­де қызмет етеді. Бұл жоба Қытай ше­ка­расындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порт­тарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде, Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың ша­қырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәу­лікке дейін қысқарады. Халқымыздың та­­ным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қа­расақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзі­міз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауап­ты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты  республи­ка­лық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал – Каспий магистралі» деп ата­ған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.

Жұмысқа 10 мыңнан астам адам тартылады

Сонымен қатар Президент жалпы ұзындығы 774 шақырым «Қызылорда – Сек­сеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жол­да­рын кеңейту, түбегейлі жаңарту жұмыс­тары басталғанын мәлімдеді.
– Бұл жолдардың құрылысымен отан­дық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біт­кен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жы­лы­на 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жо­балар ел экономикасын өркендетуге, ту­ризмді дамытуға тың серпін беріп, ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруға септігін ти­гізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік же­лілері енді шығыстан батысқа қарай ба­ғытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азия­ны жалғастыратын жетекші логис­ти­калық желінің біріне айналдыру. Қазақ­стан­дағы автокөлік тасымалы саласы та­бы­сы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізу­мен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасы­малдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүм­кіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңын­­­­дағы иен даламен тартылып жат­қан жолдар бұған дейін тұйық нүкте са­на­лып келген бағыттарды Еуразияның не­гізгі көлік дәліздерінің тоғысына айнал­дырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмыс­ты уақытылы, яғни 2029 жылдан кешік­тір­мей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағ­­­­дайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асы­рамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Бар­шаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Телекөпір барысында Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаны бастауға әзір­лік жөнінде баяндады. Бұдан бөлек Қы­зылорда облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке өңір тұрғындарының риза­шы­лығын білдірді.

Дархан Иманашев,
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы:

Бұл шешімді тарихи бетбұрыс деп бағалаймын

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызы айрықша үш автожол жобасын – «Бейнеу – Сек­сеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұл­ғай­сын – Сексеуіл» бағыттарын іске асыруға ресми түрде бастау бер­ді. Президент бұл бастаманы еліміздің көлік жүйесін түбегейлі жаң­ғыртатын біртұтас инфрақұрылымдық шешім ретінде ай­қын­дап, оны Арал – Каспий автомагистралі деп атады.
Жол саласының тізгінін ұстап отырған маман ретінде мен бұл ше­шімді тарихи бетбұрыс деп бағалаймын. Тәуелсіздік жылдарында ал­ғаш рет еліміз бір мезетте жалпы ұзындығы 1 574 шақырымды бо­латын ірі автожол құрылыстарын қолға алып отыр. Бұл жай ғана құры­лыс емес, елдің кеңістіктік-экономикалық байланысын қайта құра­тын жүйелі қадам.
Бүгін біз Қорғас пен Достықтағы шекаралық өткелдерді Ақтау мен Құрық теңіз порттарымен тікелей жалғайтын жаңа құрлық дә­­лізін қалыптастырып жатырмыз. Бұған дейін Сексеуіл мен Бейнеу арасындағы тікелей жолдың болмауы жүк тасымалын ұзақ әрі тиім­сіз бағыттармен жүргізуге мәжбүр ететін. Енді бұл түйткіл тү­бе­гейлі шешімін табады: жол қашықтығы шамамен 1 000 ша­қы­рым­ға қысқарып, жол жүру уақыты 30 сағатқа, ал жүк жеткізу мерзімі 4,5-5 тәуліктен 3 тәулікке дейін азаяды.
Бұл жобалар – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дә­лізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы өсіп келе жатқан транзит мәселелеріне берілген нақты жауап. Қазірдің өзінде кейбір учаскелерде тәуліктік көлік ағыны 10-15 мың ав­токөлікке жетіп, бастапқы болжамдардан әлдеқайда асып кетіп отыр. Бұл инфрақұрылымға деген қысымның артқанын және жаңа ше­шімдердің уақытылы қабылданғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жо­балар толық қаржыландырылды, халықаралық мердігер консор­циум­дары құрылды, сондай-ақ барлық ұйымдастыру-техникалық дайын­дық жұмыстары аяқталды. Ендігі міндет – белгіленген мер­зімде сапа стандарттарын қатаң сақтай отырып, жобаларды толық әрі тиімді жүзеге асыру.
«Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша ұзындығы 800 шақырым бо­латын жаңа автожол салынады. Бұл бағыт Транскаспий ха­лық­аралық көлік дәлізінің стратегиялық буынын толықтырып, Каспий теңізі порттарына жылдам әрі тиімді жетуге мүмкіндік береді. «Қызылорда – Сексеуіл» учаскесінде 462 шақырым жол І техникалық са­нат­қа ауыстырылып, екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейті­леді. Ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағытында ұзындығы 312 шақырым бо­латын заманауи төрт жолақты автожол салу көзделіп отыр.
Бұл екі ірі жоба халықаралық DBM (Design – Build – Maintain) мо­­­­делі бойынша жүзеге асырылады. Бұл тәсіл бойынша мердігер тек құрылысқа ғана емес, жолды жобалау мен пайдалануға беріл­ген­нен кейінгі жеті жылдық күтіп ұстау жұмысына да толық жауап береді. Осы арқылы жол сапасы тұрақты түрде бақыланады.
Құрылыс кезеңінде жобаларға 10 мыңнан астам маман мен 3 мың­ға жуық арнайы техника жұмылдырылады. Сонымен қатар 81 кө­пір мен жол өткелі, 452 су өткізу құрылысы, заманауи жол бойы сер­вис нысандары, демалыс алаңдары және цифрлық қозғалыс мо­ниторингі жүйелері салынатын болады.
Бұл бастамалардың ауқымы тек көлік саласымен шектелмейді. Олар Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орын­да­рын ашуға, отандық өндірісті қолдауға және шағын және орта биз­нестің өркендеуіне жол ашады. Әсіресе, Арал өңірі үшін бұл жоба ерекше маңызға ие: мұнда заманауи мультимодальды көлік-логистикалық хаб қалыптасады.
Біз жұмыстың жауапкершілігін толық сезінеміз. Сондықтан бас­ты ұстанымымыз өзгермейді: сапа мен қауіпсіздік – әрбір ша­қырым жолдың өзегінде тұруға тиіс.
«Арал – Каспий» автомагистралінің іске асуы еліміздің көлік инф­рақұрылымындағы түйінді мәселелерді шешіп қана қоймай, Қа­зақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі стра­тегиялық орнын нығайтады. Бұл жоба елімізді Шығыс пен Батысты жал­ғайтын басты құрлық көпіріне айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Айбол Данағұл,
«ҚазАвтоЖол» Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

Инфрақұрылым да жолмен бірге жаңарады

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ақтөбе – Қаратоғай» бағытының жалғасы «Ұлғайсын – Сексеуіл», «Сексеуіл – Қызылорда» жобалары бастау алып жатыр. 
Соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 215 шақырымы өтеді. 2 жолақты жол болып басталып, 4 жолақты жолға кеңейтілетін болады. Осы жоба аясында барлық инфрақұрылым, нақтырақ айтқанда, су өткізетін құбырлар, көпірлер қайтадан жаңартылады. Жол бойындағы қызметтің барлығы қайта жобаланады. 
Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылатын ірі жобаның бірі – «Бейнеу – Сексеуіл» жобасы. Оның жалпы ұзындығы – 559 шақырым, оның 245 шақырымы Ақтөбе облысының аумағынан өтеді. Жол жаңадан салынады, сонымен қатар Шалқар қаласы мен Бозой ауылы арасындағы жол күрделі жөндеуден өткізілмек.