Мұң мұнарасы

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan IPW

Мұңая білмегеннің қуана білмейтіні секілді, кілең бір асау жырлардай кекілді, қолға ұстап, құныға парақтағанда бұл кітап әрең-мәрең кетілді. Оқып-тоқудың енжарлығынан емес, бойды кернеген адуын елес, мазмұн тереңдігімен оңайлықпен алдырмайтын белес – әне, шабандықтың сыры сонда жатыр, көз жүгіртудің өзі желімделіп-ақ қалғандай ма, әр шумаққа шұқылана шұқшиған біз бір пақыр!

Әлде, бастапқы ұшқыр қиялдың кітап атауын онан әрі қорғасындай етіп са­­наға салмақ сал­ға­ны ма екен – «Жүрегім – мұңның ұясы» деп, іштей са­намалай қай­талап, өз жүрегіміздің талмау тұсын шан­шы­тып алғандай, екіұдай күй кешіппіз: бәсе, ақ­берен ақын, бүгінгі қазақ поэзиясының танымал тұлғасы, елі есіміне «сері» атауын құ­марлана қосып еректейтін Серік Тұр­ғын­бекұлы бұған дейінгі өзегін жарып шыққан қан­шама жыр кітаптарының атауын жаңы­­лыспай, жасындай жарқырата атойлаумен дара­­ланған жампоздың, бұл жолы сексеннің сең­гіріне шықанын бүкіл жұрт болып дуыл­да­та тойлап жатқан сөз зергерінің жаңа жи­нағының бейнесін келісті келбеттемеуі мүм­кін емес еді ғой. Атапты ай­бат­тандырып, ең­сені көтерердей қайраттандырып, езіл­мейтіндей шарболаттандырып, мұқал­май­тындай мұраттандырып, тағы құлақ түріңіз – «Жүрегім – мұңның ұясы»!
Мұңның сүзгісінен бәрі екшеледі: өткен­нің өкі­ніші мен өміршеңдігі; бүгінгінің бұл­тарысы мен бұ­лаң­дығы; ертеңнің ертегідей елесі мен үкілі үміті – бәрі-бәрі сараланып, сананы сан-саққа жетелей тү­се­ді, жаңғыр­та­ды, жасампаздыққа еліктіреді. Еліккен көңіл елдік парызды өтеуге пейілді, сөз бен істі жым­дастырып, Тәуелсіздік мұраттарын ақадал ат­қаруда көнтерлілік мінез дарытады әр жанға.
Серіктің жыр кітабын қомағайлана оқып түгескеннен соң, көкірегім менің мұңмен ыс­талмай, қуаныш пен шаттықтың ыссы табына қақталып, мына өмірдің барлық бақытын бір сәтте-ақ сезінгендей болып, жүрегімнің қауашағы гүлмен көмкерілгендей мәз-мәйрам күй кештім. Сөйтсек, ақын құдіреті мұңнан термелеп, телегей теңіз тү­бінен маржан тере біліпті-ау, мұңнан суырт­пақтап, сыршыл әлемнің күллі сыбызғылы сұлбасын, көркем жылнамасын, қасиетті дара тұлғасын ұлттық бояу-нақышымен кестелей төгілдірген екен!
Сөйтіп, бастапқыда Серіктің жүрегі не­ліктен мұңның ұясы болып қалды екен деп, шорши түскен секемшіл көңілімізді кітап­тың соңғы бетін жапқанда, «мұңнан күллі өмірдің маңызын даралаған неткен дарын иесі еді» деп, шүкіршілікпен еңсені бір тіктеп алғанбыз. Бұл пайымның әуселесі мынадай: Ақынның жүрегі – әшейін торықтыратын, жалықтыратын, қамықтыратын мұң емес, әр пендені намыспен қам­шыландыратын, өр кеудені ерлікпен тамшыландыра­тын, бос­белбеулікті қайрат-жігермен шапақтап, тұ­тас халықтың арман-мүддесін арайландыра­тын Мұзарт таудай көз қызығын еселеген, сол аңсарға жетем дегенше амалсыз, пұ­шай­ман күймен мұң торалғы­сына уақытша ма­лынатын кәдімгі пендешліктің бір уайы­мы­нан оянып, кейін амалсыздан сейіліп кететін өткінші мұң екенін сезіне бастайсыз. Демек, ақын­ның шабыты пайдалы мұңнан сорғала­тып тұрып нағыз шаттық жасап алуымен қас­терлі екен-ау! Мұңнан өрілген қуанышты се­зінгендіктен, енді ақынның жүрегі – Тәуел­сіздіктің ұясы десек, тіпті қателеспейтін секілдіміз ғой! Паһ, шіркін, Серік ақын қалай-қалай еркін ойды тербете, тебіренте білген десеңізші! Кітаптың мән-мағынасы сондықтан да көмбеден алтын қазып алған­дай тамсандырады, әр оқырманды үлбіреген сезімге бөлейді, ұлт жүктемесін бел қайыс­тыра бірге көтерісуге үндейді! Өзі сырын аш­қандай: «Арылмай, Ардан, иманнан, Тау­сылмай қалам сиясы. Сан жылдар, Шор боп жиналған, Жүрегім – Мұңның ұясы», – деген жүрек антындай батпан сөзі кітаптың бета­шарына жарап, әрі қарай мазмұнымен ай­қынданып, тылсымына тарта түседі. 
Сонымен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шоқ­тығы биік дастандар мен лири­ка­лық жыр десте­лері­нің дарабозы, талай тари­хи шығармаларымен дара шығып жүлде ал­ған жампоз, драмалық туынды­лары­мен сахна төрін ұзақ жыл бойы үздіксіз өрнектеп ке­ле жатқан талант, қазақы қалпымен ақын­дығынан аза­маттығын ілгері әспеттейтін да­рагөй, кешегінің абы­зы іспеттес Серік Тұр­ғынбекұлының бұл кітабы ұлт поэзия­сы­ның жауһары деуге толық негіз бар, осы ойы­мызды аталған еңбек Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылғаннан бергі уақытта қалың оқыр­мандар тара­пынан естіліп жатқан то­лассыз пікірлер де қуат­тай түседі екен.
Кітапты ойлы оқырман безбендеп са­ра­лайды, жан дүниесіне рухани әл-күш жимақ болып ләззаттана түртінеді, тә­лім алады, сыни көзқарасын шың­дайды. Ол үшін әрине, кітабың да сондай талғамға та­титындай болуы керек қой. Серік бұл жа­­ғынан ешкімді қапы қалдырмастай, сәл сел­кеулік­тен де адаланып, мынадай алты өріммен қиялыңды қа­наттандыра қойыпты: «Тәуелсіздік – тұмарым», «Есі­мің сенің – Елорда», «Жыр-тұлға», «Туған жерім – тал бе­сік», «Қысқа-нұсқа» және «Сібір ақындары­ның жыр­ларынан». Әр бөлімнің атауынан шертілер сыр, термеленетін жыр «маған жа­са, таңдауыңды» де­гендей, көңілдің құ­мар­лық шоғын үрлетеді, маз­мұны­на ынтық­тыра тартады. Қане, қысқалық тала­бымен үңілік көрелікші.
Ақын үні тәуелсіздік туралы толғаныс­тарын­да кең тыныстанып, рухтана зорайып, күл­лі қазақ елі­нің еркіндігін шаттана шал­қы­малап, адамзат құнды­лы­ғының бет-қай­мағын сылығандай қастерлі әккі­лік­пен, тұ­нық-сыңғыр бастауымен, тұңғиық терең­ді­гім­ен естір құлақты табындыра алады. Мә­селен, «Шақ­шақ Жәнібектің Абылай ханға бер­ген бата­сындағы»: «Түйіні осы сөзімнің, Тие­гі осы төзімнің. Қара жеріңді баптай біл, Қа­ра халқыңды сақтай біл – Қарашығындай көзіңнің» – деген ақжарылқап асыл тілегінен бүгінгіге жеткен аманатттың ауыр жүгі әлі де күн тәртібінен түспегенінің салмағын же­те түсін­ген­дей боламыз.
Ал Тәуелсіздік толғауларындағы әр шу­мақ әр қа­зақтың адал сертіндей болып құ­діреттілікпен құйы­ла салғандай әсерге бөлейді: «Тәуелсіздік – Бір жұ­тым су екенсің. Татып едім, Кетпедің таңдайымнан. Тәуел­сіздік – Қолдағы Ту екенсің. Күнде желпіп тұра­тын маңдайымнан». Рас, осындай ақын жү­регінің шаттанысы әркімнің сезіміне от беруі­мен, бейбіт өмір­ге деген ынтызарлықты есе­леуімен құндылыққа ие. Ал ақын Тәуел­сіздікті нығайтып, сақтай білуге үн­дегенде тас ­жарарлық қуаттылықпен: «Керемет күш, Кеу­демде оянғанда, Бармап еді батылым баян­дауға. Елді, Жерді тоздырып – тозақ қы­лып, Енді құ­рып бітуге таянғанда...» – деп күңірене түсіп, одан арғы қиямет-қайымның елесінен үркектей баста­ғанда, Тәуелсіздіктің кел­геніне тәубе еткенімен, ор­нық­қан көңіл­дің сабасына бәрібір салмақ сала былай сақ­­тандырады: «...Төңіректің бәрін де қырып-жойып, Өз дінімді өзіме қырын қойып. Өз тілімді, Өзіме өгей қы­лып, Қасиетті сөзімнің құнын жойып» – секілді бодан­дық қа­сірет­терін еске салып, ондай зобалаңның енді қайталанбауына Тәуелсіздік қана кепілдік бере ала­тынын ақындық батыл жігермен шідер­лей тіліп түсіп­ті. 
Алдаспан ақын Махамбет атындағы сый­лықтың иегері Серіктің жүрек-жұлынын адақ­таған азулы да қаһарлы жырларының апай­төстене атқақтап шық­қан кезеңі Аста­наның айбынды әрі айдынды шағын­да тіп­тен асқақтады десек, еш қателеспеспіз. Ма­хам­бет: «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім...» – деп елдік арманын күндей күр­­­­кіреп жосылтса, Серік: «Жаңаға ескі күнді ауыс­­тырып, Тағатын, Туған елдің тауыс­­ты­рып. Қала тұр – Есіл – өзен жағасында, Ел­дік­ті, Ерлікпенен қауыштырып», – деп жа­сам­паз қа­зақ ұлтының кең өрісті қамынан, әлем­дік салыс­тырмалылықтың жайынан сүйін­ші хабар жеткіз­ген­дей арқалана түскен екен. Өршіл ақындар әманда рух­таса, иық­таса ұлт абыройын жыртысып, ғасыр­лар­ға ай­баттана үн сала біледі екен-ау! Міне, со­ның Се­рікше бір серпінді қайырымы: «Та­зарт­қанда, Тарихтың шарайнасын. Тіл бітеді сол кезде, Тасқа ғана... «Бозоқ» болып, Бүк тү­сіп талай ғасыр, Азат болып – Айналдың Ас­танаға!» – делініп, қазақ жерінің қай бұры­шы болсын ежелгі ата-баба қонысының жерұйғы кейпінен азаттық арқасында Аста­на­дай боларлық тылсымға ие екенін әр жү­рекке таңбалап тастапты. Беу, ақпа ақын­ның бұғалықсыз қиялы, мірдің оғындай ті­лі­н­ің қияғы, сенің күмбірлеген кең кеудеңе жа­ратылыстағы тұтас қазақ сияды деудің жө­ні осындайда ойға салмақ салмай ма?! Қос ұран­ның дүмпуі зор мұндайда: Оян, қазақ! Ой­лан, қазақ! Ақын­ның бұлжымас кредосы – осы!
«Жыр-тұлға» бөліміне топтастырылған тұл­ғалар туралы толғаулар (Қасым Қайсенов, Нұрғиса, Өзбе­кәлі, Мұқағали, Әбіш, Олжас, т.б.) уақыт пәрменімен әрқайсысын даралай оты­рып, олардың тағдыры ар­қылы Отан мәр­тебесін арттырудың, күллі ел қа­мын же­ген біртуарлардың кесек бітімдерін көр­кем­деудің, сөйтіп келер ұрпақтың өшпес кәде­сіне жа­рар­лық образ сомдаудың жарқын мы­салын аңғара­мыз. Бұлар – жай бір арнау жыр­лар емес, тұлғалар шыбығы болып қа­далып, өркен жайған туған жерге деген мәң­гілік ескерткіштей маңғаздық символы! Бұрыннан білетініміздей, Серіктің Алаш арыстары­ның тағдыр-тағылымынан таң­ға­жайып галерея сомдағандағы жыр-ғажа­бы­ның көркем тәсілдері, міне, бұл өлеңдерінде де жақұт жүзіктей көз арбап, жүрек қуантқа­ны­ның куәсі болдық. 
Туған жеріне жыр арнамаған ақын бар ма? Мәселе, қалай жазылуында ғой. Кітап­тың «Туған жерім – тал бесік» бөлі­мін­дегі тақырыптық атауларынан-ақ Серік лири­касындағы туған жерге деген сұлулық сезімі симфониялық лағыл тылсымдай там­сандырмай қоймайды. Өзінің драмалық кейіп­керіне айналып, жылдар бойы сахна сәніне баланған «Шәмші» спектакліндегі вальс королінің ырғақ-ертегі әуенімен бүкіл қа­зақ жері қосыла ән салып тұрғандай әсерге бө­ленесің. Серік ақынның туған жері өзіне ға­на жекелене телінбей, бүкіл ұлт мекеніне кін­дігі байланғанын түсінгенде жанардан бір там­шы жастың үзіліп түскені сезілмей қа­ла­тынын қайтерсіз! «Туған жер жүрегіңе от бе­реді, Ештеңе одан басқа жоқ керегі. Өйт­кені ол, жай адамнан, Өзгешелеу – Ақындар жер­де туып, Көкте өледі» – делінген шумақ шым-шымдап бойға жайылғанда шымыр­ла­ған құйқа-жүйкеңнен суырылған «Қазақ­ста­ным менің!» деген әлеуетті үн әлемге жаң­ғырық­қандай шаттан­дырады.
Серік қоғам дамуының әр мезетін қас-қа­ғымда назарына іліктіріп, ілкі сынамалық­тан өткізетіндей қағілездікпен қағаз жүзіне өрнектей қоятын аса сезімтал, ақиқатшыл ақын. Сондықтан да оның: «Арманы бар ма ақын­ның, Әр түрлі мақам-ырғақпен. Қуа­ныш-мұңын халқының, Жеткізсе жалғыз шумақпен», – дегеніне имандай сене аласыз. Бұл тұрғыда оның «Қысқа-нұсқа» бөлімінде ұсы­нылған өткір өрімдерін елемей кету орын­сыз. Тастүйін қысқа қайырымдардан өр­леуіміз бен солғындауымыздың, шын­шыл­дық пен сыпыра жағымпаздықтың, қалт­қы­сыз еңбек пен жең астынан үлестірушіліктің, біліміне қарай бағалау мен жетесіздіктің, кадр таңдаудағы тамыр-таныстықтың өр­шуі­нің, т.б. келеңсіздіктердің бұқпантайлап бол­са да қоғам дертіне айнала бастауының се­беп-салдарына қанығасыз. Қан тамырын кеулеген мұндай мерезден қалай арылуға болады? Асқындырмай, өршітпей қалай сы­лып тастаймыз деген уайым туады. Ер­теңі­мізді күйттеп айтсақ, бұл кедергілер сайып кел­­генде Тәуелсіздігіміздің нығаюына кеса­пат­­тық жасайды, ілгерілеуімізге іріткі бола­ды. Сол себепті ақын жүрегі мұңға малын­ған­дай болып, қою бұлттан күнді арашалап алу­ға бар ынты-шынтымен ықыластана елег­зиді. Міне, назарыңызға: «Жан-жүрегім – жаралы, Өңім-түсім – сұрланып. Бірте-бірте барады, Бола­шағым ұрланып...» Тағы да: «Туа біткен дертің бар, Диагнозы – Пенделік. Бірақ сенің еркің бар, Жазылуға емделіп». Одан әрі: «Айна­ла­мыз, Азап-мұң. Алабөтен дау да көп... Отыра­тын, Қазақпын: – Бәріне де, тәубә! – деп». Енді тәмам: «Заман-ай, Ұсақталған, майда­лан­ған, Қойды-ау бір, орындалмай ойдағы ар­ман. Тектілер отыратын орындықты, Епті­лер жолын тауып жайлап алған». Оқыр­ма­ным! Ақын тізбелеген ой күйігі осылар, небір қиындықты өжеттікпен тосып ал, және де қазағымның қанына біткен өрлік-ерлікпен ұлтсыздықтан айырар барлық қайшылықты ұстарамен осып ал! Серіктің айтпағын, ес­кертпесін осылайша есіңе ал!
Соңғы бөлімдегі Серік аударған Сібір ақын­дарының жырларынан мол рухани байлыққа кенелесіз. Ел мен елді жа­қындастыратын, туыстығын еселейтін көр­кем тәржіманың мына үлгілері ерінде еріген тәттідей тамсандырады. Мінекейіңіз (Н.Чер­касов): «Сол жеңеді – Кім құдірет, кім мық­ты! Салсаң егер тағдырыңның сотына. Дауысы да қатты шығар шындықтың, Өр­тен­генде өтіріктің отына!». Өлеңнің төл­ту­масы Серіктің телтумасындай тамырымен ете­не қабысып жатқаны, шеберліктің, үн­дестіктің, ширыққан ортақ сезімнің тамаша тан­демі болған екен-ау.
Міне, сегіз жыл бедерінде кенеттен кесел бо­лып жабысқан тағдыр тауқыметіне қайыс­пай, жүрегінің ұясына үймелеген қоңыр мұңды қалам құдіретімен кері серпіп, азат ойдың айдынында жүзген Серік Тұрғынбе­кұлы­ның ұлттық адуынды мінезінің өшіріл­мес таңбасындай «Жүрегім – мұңның ұясы» жыр жинағы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екеніне сенімдіміз. 

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері